БАС МҮФТИ «БЕКЕТ АТА» МЕШІТІНІҢ ҚАЙТА АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласы Алатау ауданында құрылысы қайта жүргізіліп, намаз залы кеңейтілген, толық күрделі жөндеуден өткен «Бекет ата» мешітінің қайта ашылу рәсіміне қатысты.
«Құрметті жамағат! Аллаға шүкір, дініміздің жанашыр азаматтарының қолдауымен осы Шаңырақ ықшамауданындағы «Бекет ата» мешітінің құрылысы қайта жүргізілді. Намаз залы кеңейтілді, толық жөндеуден өтіп, міне, бүгін жамағаттың игілігіне беріліп отыр. Мешіт – мейірімділік пен қайырымдылық ордасы. Алланың үйіне келген адамның жүрегіне тыныштық ұялайды. Осы мешіттен білім алған азаматтар еліміздің игілігі мен бірлігіне қызмет етеді деп сенемін. Алла Тағала халқымызға иман байлығын беріп, екі дүние бақытын нәсіп етсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Игі іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласының бас имамы мен қала мешіттерінің дін қызметкерлері де қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
«Бекет ата» мешітінің сипаттамасы
Алматы қаласы, Алатау ықшам ауданы аудандық бас мешіті «Бекет ата» мешіті М. Өтемісұлы 109, мекен-жайында орналасқан. «Бекет ата» мешітін ағайынды Қаниев Ғалымжан Сералыұлы және Қаниев Берік Сералыұлы өз қаражаттарына тұрғызып, 2002 жылы қараша айында ел игілігіне пайдалануға берілген.
Аталмыш мешіттің алғашқы көлемі 250 шаршы метрді құраған. Өткен 20 жылда құлшылық үйінің қабырғасы ескіріп, күрделі жөндеу жұмысына қажеттілік туындады. Алғаш іргетасын қалаған ағайынды Қаниевтер 2022 жылдың ақпан айының соңында 400 миллион теңге қаражат бөліп, мешітке түгелдей күрделі құрылыс жұмысын бастауға қолдау көрсетті. Ағымдағы жылдың 25 қараша күні Алла үйі жамағатқа пайдалануға берілмек. Бұрынғы ғимарат 250 шаршы метрді құрап, сыйымдылығы 300-350 адам құлшылық жасаған. Ал қазіргі таңдағы жаңа мешіт 650 шаршы метрге кеңейіп, бір мезетте 800-ге жуық жамағат намаз оқи алады. Үстіңгі қабатында әйел кісілерге 60 орынға құлшылық орны қарастырылған. Мұнарасының биіктігі 19 метр. Күмбезінің биіктігі 6-7 метрге жуықтайды. Мешітте кітапхана, дәрісханалар мен имамдарға жеке бөлмелер бар.
Сонымен қатар мешіт ауласында 1500-ге жуық жамағатқа намаз оқитын алаң бар. Тегістеліп тастар төселген. Мешіт ауласында заманауи дәретхана салынып, бір мезетте 30 адам дарет алуға жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы дәретхана қарастырылған. 150 адамға ас беруге арналған асханасы мен ас пісіретін орын да қамтылған.
Мешіт ауласы абаттандырылып, 60 қа жуық әр түрлі ағаш, шыршалар мен құлшылық үйіне көрік берер гүлдер отырғызылған. Алла үйі құлшылық орнымен қатар рухани демалыс беретін жайлы мешітке айналмақ. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қала ішінде Аллаға ең ұнамды жер – мешіттер» деп мәні мен мағынасы терең ой айтқан. Олай болса заманауи үлгідегі сәулеті жарасқан «Бекет ата» мешіті шаһар тұрғындарының сүйікті құлшылық орны мен рухани ордасы болары сөзсіз.