«ХАДИСТЕГІ ҚИССАЛАР» ДӘРІСТЕР ТОПТАМАСЫ БАСТАЛДЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының «Хадистегі қиссалар» дәрістер топтамасы бойынша қала мешіттерінде уағыз жұмыстары басталды.
«Хадистегі қиссалар» дәрістер легі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баян еткен қиссалар. Онда иманды күшейтетін, адамгершілікті насихаттайтын және еш құнын жоғалтпайтын асыл қасиеттер жайлы айтылады. Әрине, мұндай қиссаның берер пайдасы мол. Тарих қойнауында жатқан көптеген ғибрат пен өнегелерді үйрететін қиссалар жамағатқа берері мол ғибрат болмақ. Айта кететін бір жайт, Құран Кәрімнің үштен бірі қиссадан, яғни мазмұны жағынан үш басты тақырыптан тұрады: Таухид, үкімдер және қиссалар. Ендеше, қисса асыл дінімізді терең түсінуге көмектеседі. Тыңдаушыға қисса майдай жағады. Бірақ, мұнда ескеретін бір мәселе бар. Ойдан құралған қиссалар да кездеседі. Ең сорақысы, діни құндылықтарға теріс қиссалар да айтылып жатады. Сондықтан, бұл бастама «Хадистегі қиссалар» дәрістер топтамасы осындай олқылыққа жол бермеу үшін, нақты хадистегі қиссалар арқылы асыл дінімізді терең түсіндіріп, тыңдаушыға жеткізу болмақ. Шаһар бас имамы Төлеби Дәділұлының жамағатпен жақын жүздесу жоспары Жетісу аудандық «Әл-Мадина» мешітінен бастау алып, Әуезов аудандық «Таугүл» мешітінің жамағатымен кездесті. 1-дәріс хадисте баян етілетін қисса аманат жайлы болды. Осылайша аптасына бір рет қала мешіттерінде уағыз айтылып, дәрістер топтамасы жалғаспақ.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі