Еліміздің барлық мешіттерінде ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына дұға жасалды
Алматы облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қасиетті жұма намазынан кейін қаза болғандардың рухына жамағатпен дұға жасалды.
Мұсылманның өзге мұсылманның алдында міндеттері бар. Соның бірі – мұсылман бауыры үшін дұға жасау, жақсылық тілеу. Апаттан аман қалғандар үшін шипа сұрау, ал марқұм болғандарға Алладан мейірім, кешірім тілеу – мұсылманның міндеті.
Біз де қасиетті жұма күні апаттан жарақат алған барша бауырларымызға шипа сұраймыз, марқұм болғандардың артында қалған отбасыларға қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Айта кетсек, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған «Бек Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшу кезінде апатқа ұшырады. Ұшақ бетон қоршауды сындырып, қос қабатты құрылысқа барып соғылған. Ашық деректерде ұшақ бортында болған 95 жолаушының 15-і қаза тапқаны жарияланды. Болған оқиғаға байланысты Бас мүфти ұшақ апатынан қаза болған азаматтардың отбасына көңіл айтты.