ЕЛОРДА: КЕҢЕЙТІЛГЕН ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен 2021 жылдың қорытынды жиынына наиб мүфтилер, Діни басқарманың бөлім басшылары мен мамандары, сондай-ақ 19 өкілдіктің бас имамдары қатысты.
Қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталған жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Аллаға шүкір, біз осы жылды жақсы нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Осы жылы еліміз бойынша 22 қайырымдылық мекемесін аштық. Бір жылда 68 мешіт жамағаттың игілігіне берілді. Діни басқарма Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай еліміз бойынша 30 мың түп ағаш отырғызды. Сонымен қатар Діни басқарманың төл телеарнасы – «Munara TV» арнасы ашылып, дұрыс діни ақпарат таратуға үлес қосуда.
Мысыр, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстанға жасаған ресми сапарымыз жемісті болды. Аталған елдердің Бас мүфтилерімен екіжақты ынтымақтастықты арттыруға арналған ортақ меморандумдар қабылдадық. Соның нәтижесінде қазақстандық шәкірттерге бөлінетін грант саны артты.
Өздеріңіз куә болғандай, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы білім мен ғылым, діни ағартушылық бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп, «Толық адам», «Пәтуалар жинағы», «Ихсан – рухани тәрбие негізі» сынды қоғам үшін маңызды болған тақырыптарда бірнеше кітап шығардық. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады» деді.
Төралқа жиынында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың бас имамдары өңірдегі биыл әртүрлі бағытта атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін жеке-жеке баяндап, слайд түрінде ұсынды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлерінің жыл бойына атқарған жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ жетілдіруі қажет тұстарын екшелеп, кемшін түсіп жатқан бағыттар бойынша әлі де жұмыс істеу керектігін атап өтті.