МӘУЛІТ-2022: «ЕЛ ҮЛЕСІ - ПӘТЕРГЕ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША 596-БАСПАНА БЕРІЛДІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыдағы Республика сарайында өткен Мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
«Мәулiт – пайғамбарлардың сардары Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген, әлемді нұрға толтырған Құдай Тағаланың мейiрiм-рахымын молынан жаудырған тарихи күн. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Пайғамбарға салауат айтқан адам сансыз сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» деген. Біз бұл хадистен сансыз сауапқа кенелу үшін көбірек салауат айту қажеттігін түсінеміз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Салауат пен мадақ жырлары айтылған рухани мәуліт кешінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ел үлесі - пәтерге» жобасы бойынша Республика бойынша 596-баспана, Алматы қаласы бойынша 20-баспана кілтін Түрксіб аудандық «Мекке» мешітінің имамы, 7 баланың әкесі Рахматулла Моллақағанатұлына табыстады. Игі іске Алматы өкілдігіне қарасты «Зекет және қайырымдылық қоры» атсалысты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі