АЛМАТЫ: «УАҚЫП» ҚОРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ
Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты «Орбита» мешітінің аумағынан тұрғызылған «Happy cake» дүкені «Уақып» қорының атына аударылып, қордың алғашқы желілік дүкені ретінде ашылды.
«Уақып» қорының алғашқы дүкенінің ашылу салтанатына осы қордың басқарма төрағасы Ардақ Оразбаев пен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысты. Ардақ Нүсіпханұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, сауапты амалға атсалысқан, әкелерінің атынан дүкен ашып, «Уақып» қорына тапсырған ағайынды Ерлан және Асхат Жүнүсбекұлдарына алғысын білдірді. Уақыпнамада: «Алматы қаласы «Орбита» мешітінің жанынан ашылған дүкен ғимараты Солтанов Жүнүсбек Жанымханұлының атынан Алла разылығы үшін уақып етілді» делінген. Сонымен қатар «Happy cake» дүкенінің табысының 2% мөлшері уақып қорына аударылып отыратын болады. Жұма күніне тұспа-тұс келген салтанатты шара соңында «Орбита» мешітінде жамағатқа «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы уағыз айтып, Пайғамбарымыздың өмірінен дін қызметіндегі игі жолы мен Алла жолында кәсіп ашып, сауапты амал жасаудың пайдалары жайлы насихат айтты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі