МӘУЛІТ-2022: «Пайғамбарымызды ﷺ танисыз ба?» КІТАБЫ ТЕГІН ТАРАТЫЛДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыдағы Республика сарайында өткен Мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
ҚМДБ Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен рухани мәуліт кешінде салауат пен мадақ жырлары айтылып, көрермендерге арнайы жазылған «Пайғамбарымызды ﷺ танисыз ба?» кітабы 5 000 дана тиражымен тегін таратылды.
Кітап ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак өміріндегі маңызды оқиғаларға шағын шолу жасалған. Сонымен қатар, Пайғамбар мен әулие, Құран даналықтары, мұғжиза мен керемет, Мекке мен нұрлы Мадина қалаларының қасиеттері, салауат пен мәуліт сияқты өзекті тақырыптар түйіні кеңінен тарқатылған. Сондай-ақ әлемдік және қазақ ойшылдары мен ғұламаларының Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұлғасы жайлы толғаулары жазылды. Аталмыш еңбекте әз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы көпшілікті толғандырған 260-қа жуық сұраққа жауап берілген. Мүфтият баспасынан жарық көрген кітаптың авторы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетінің PhD докторанты, дінтанушы, «Қалқаман» мешітінің бас имамы Руслан Қамбар.
Екі қойылымға да келген көрермен үшін «Мәуліт сыйы» ретінде «Пайғамбарымызды ﷺ танисыз ба?» кітабы мен мүфтияттың төл басылымы «Munara» газеті және «Иман» журналы салынған қалташа тегін таратылды.
Рухани Мәуліт кешінің басты мақсаты – пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу болып табылады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі