НАИБ МҮФТИ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Алматы Орталық мешітінде "Жомарт пенденің дәрежесі мен сауабы" тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
Қасиетті жұма күнгі құлшылыққа жиналған жамағатқа өзге адамдарға жәрдемдесіп, қол үшін беруші жомарт адамға дүние-ақыретте берілетін сауаптар жайлы айтты. "Қазақ халқында жомарт адамдарды «Қолы ашық жан», «Атымтай жомарт», «Дархан көңілді адам» деп құрметтеп, түрлі атаулармен атаған. Ата-бабаларымыз: «Кең болсаң – кем болмайсың», – деп ұрпағына әрдайым кеңпейілді болуға, қолында барымен өзгелермен бөлісіп, жәрдемдесуді өсиет еткен. Айталық, ұлының атын «Жомарт» деп қоюуы да ата-бабаларымыздың жомарттықты қаншалықты қастерлей білгендігінің көрінісі", - деп атап өтті наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы. Орталық мешіт жамағатымен жұма намазын оқып, ел амандығы мен бірлігі үшін бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі