ОРАЗА АЙТТА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН САЙЫС ӨТТІ
Бүгін отыз күн бойы ораза тұтқан Алматы жамағаты Ораза айт намазын оқуға жиналды. Екі жыл айт намазын оқи алмаған қала жұртшылығы Орталық мешіттің іші мен сыртына лық толды.
Шаһардың бас имамы Төлеби Дәділұлы айт мерекесіне жиналған жамағатқа ораза айтты тойлаудың тәртібі мен мәні мен маңыздылығы турасында уағыз айтты. Қала әкімі Ерболат Досаевтың Айт мерекесімен арнайы құттықтауын қала әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы алматылық жамағатқа жеткізді. «Баршаңызды мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді» Ораза айт мерекесінде тілеген барлық дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!» делінген қала әкімінің құттықтау хатында.
Қала халқы бірге оқыған айт намазынан соң, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап айтсақ арқан тарту, асық ату, қой көтеру сынды ұлттық спортты жаны сүйер ер азаматтар сайыста белсенділік танытты. Оза шапқан жүйріктерді бағалы сыйлықтармен марапаттап, мереке қызығы арта түсті.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі