500 АДАМҒА АЙТТЫҚ ДАСТАРХАНЫ ЖАЙЫЛДЫ
Алматы жамағаты Ораза айт намазын оқуға Орталық мешітке жиналды.
Шаһардың бас имамы Төлеби Дәділұлы айт мерекесіне жиналған жамағатқа ораза айтты тойлаудың тәртібі мен мәні мен маңыздылығы турасында уағыз айтты. «Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне қуаныш сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке.
Әсілі, Ораза айт қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Бұл – араздасқан адамдар татуласып, туысқандық байланысты күшейтетін мейрам. Алла Тағала Құранда: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр», - деп (Ағраф, 199) мұсылмандарды барынша кешірімді болуға шақырған. Сол себепті, ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да айт күндері аса маңызды», - деді бас имам. Айт намазына жиналған жамағат үшін Орталық мешіт алаңында 500 адамға айттық дастарханы жайылды. Айттық дастарханда арнайы Құран оқылып, бас имам Төлеби Дәділұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады. Сондай-ақ 8 ауданның бірқатар мешіттерінде де айттық дастархан жайылып, мереке лебізі жамағат бірлігімен ұштасып жатты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі