ҚҰРБАН АЙТ - 2022: ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН САЙЫСТАР ӨТТІ
Алматы мешіттерінде Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.
Таңғы 06:30-да айт намазын оқыған жамағат қаланың бірнеше мешіттерінде ұйымдастырылған ұлттық спорттан спартакиадаларға қатысып, өзара бақ сынасты. Атап айтсақ, Алматы Орталық мешітінде айт намазынан кейін қала әкімдігінің қолдауымен «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Соның ішінде қой көтеру, арқан тарту, асық ату, қол күресі мен қой көтеруден балуандар алдына жан салмады. Спорттық шара Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшылығымен жүзеге асырылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар Жетісу ауданы "Әл-Мадина" мешітінде кір тасын көтеру мен қол күрестен жамағат арасында тартысты сайыс өткізсе, Алатау ауданы "Әскер ата" мешіті мен Бостандық ауданы "Бәйкен" мешітінде арқан тартудан белсенді жамағат қарасы көп болды. Түрксіб ауданы бойынша «Фирали Ферғанұлы», «Макка», «Ынтымақ-1», «Абдулла» «Қайрат» және «Ар-Рахим» мешіттерінде де ұлттық ойындар жаңғырып, құрбан айт мерекесі қызықты думанға жалғасты. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қаланың бірқатар мешіттерінде ертең яғни құрбан айттың екінші күнінде де қызықты бағдарламалар жалғасын табады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі