АЛМАТЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Алматы Орталық мешітінде жамағат Құрбан айт намазын оқыды.
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі - Қасиетті Құрбан айтпен барша жамағатты құттықтап, айт күндері орындалатын амалдарға тоқталды. Мереке, мейрам, қуаныш деген мағыналарды білдіретін қасиетті Құрбан айт күні жамағатты айт намазын оқып, құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға шақырды. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – тақуалық белгілерінен екенін жеткізді. Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Раббымыз Құрбандықтың сонау ықылым заманнан келе жатқан құлшылық екендігін және оның қабыл болуы үшін тақуалық пен шынайы ықыластың керектігін көрсететін аяттар мен қазақы дәстүр-салтындағы құрбан айт туралы айтты. "Құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жалғасып, Ибраһим пайғамбар мен Исмаилдың дәуірінен бері келе жатқан ұлық мереке", - деді бас имам.
Орталық мешітке жиналған Алматы жамағаты мешіт ауласына лық толды. Жиналған көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен Құрбан айт намазын оқыды. Айта кетсек, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген брифингінде Алматы қаласы бойынша құрбан айт күндеріне арналған іс-шаралар бағдарламасын жариялаған болатын. Аталмыш бағдарламаға сай Орталық мешіт пен қаланың барлық бірқатар аудандық мешіттерінде "Ұлттық мұра" бағдарламасы аясында ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылып, ақсақалдарға арнайы дастархан жайылуда. Құрбан айттың көтеріңкі көңіл-күйі балаларға айттық тәтті сыйлар үлестіру және қайырымдылық шараларымен ұласуда. Құрбан айт құтты болсын!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі