«АДАМНЫҢ АДАМШЫЛЫҒЫ ҰСТАЗДАН»
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Құрметті ұстаздар!
Нұр-Мүбарак университетінде, Имамдардың білімін жетілдіру институтында, медресе-колледжде, мешіт жанындағы діни сауат ашу курсында аянбай еңбек етіп келе жатқан барша дін қызметкерлерін бүгінгі ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Алла Тағала сауапты істеріңіздің жемісін көруді нәсіп еткей. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағатты істеріңізге береке тілеймін!
«Адамның адамшылығы ұстаздан» деп Хәкім Абай айтқандай, бойына парасаттылық пен байсалдылық, даналық пен көркем мінез қалыптастыра білген немесе өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен кез келген тұлға ұстаз тәрбиесін алып, тәжірибе жинайды. Өмірдің осы бір ғибратты сәттері әркез жалғаса бермек. Өйткені, ұстаздық ету – өз уақытыңды аямау. Аллаға ұнамды істердің барлығына мол сауап жазылады. Солардың ішінде адам тәрбиелеудің маңызы үлкен. Тәрбие ісі – абыройлы жұмыс.
Асыл дініміз Исламда пайдалы білім алудың мәні ерекше. Тіпті, мұсылман ер мен әйелге білім алу – парыз. Дінімізде білім алудың маңызы жоғары болса, хикметті, яғни даналық ілімін үйренудің де орны айрықша.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.
Білім мен хикмет – үлкен нығмет. Бұл хадистен осы нығметті иемденіп алуға ең әуелі мұсылман баласы лайықтырақ екенін аңғарамыз.
Бір хадисте: «Адам қайтыс болғанда амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам» делінген.
Артына ілім қалдырған адам үшін шәкірті әрдайым дұға жасап, жақсылық тілеп жүреді. Сондай азаматтардың қатары көбейсін деп тілейміз.
Алла Тағала барша ұстаздарға жар болып, ізгі амалдарының сауабын еселеп жазғай. Әмин!
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.