Кешіре білу – Алла Тағала сипатының бірі
Адамдардың қателерін кешіру және кемшіліктерін жасыру маңызды адамгершілік сипаттардың бірі. Алла Тағаланың жақсы көретін бұл ерекшелік иман мен көркем мінез-құлықтың тоғысуынан ортаға шығады. Алланың көркем есімдерінің бірі де оның кешірімшілдігін білдіретін «Әл-ғафу» (кешірімшіл) есімі болып табылады. Құран Кәрімде былай делінген: «(Уа, Расулім!) Кешірім жолын ұстан. Жақсылықты әмір ет. Надандардан аулақ бол!» (Ағраф сүресі, 199-аят).
Кешіру – Алланың елшісін сүйіп оның көркем мінезінен үлгі алу оған ұқсаудың нәтижесі. Өйткені жаратушылық көзімен жаратылысқа көз салу кешірімшілдіктің негізін қаламақ.
Кешіру – жазалауға күші жете тұрып кінәліні кеше білу. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, нәпсінің дегеніне көнбей кешіру жолын таңдай білу. Алла Тағала құлдарының кешірімшіл болуын қалайды. Алла Тағала былай дейді: «Кімде-кім сабырлық танытып, кешірімшіл болса дау жоқ істердің ең маңыздысы осы» (Шура сүресі, 43-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құл өзгелердің қателіктерін кешіре берген сайын Алла Тағала да оның абыройын арттырады», - деген (Муслим, Бирр 69).
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): былай дейді: «Күшті дегенің күресте қарсыласын жыққан емес, нағыз күшті ашуланғанында ашуын жеңе білген жан» (Бұхари, Әдеп 76). «Шамасы жете тұрып ашуын жеңе білген кісіні Алла Тағала да қиямет күнінде баршаның алдында шақырып хор қыздарының арасынан таңдағанын алуға ерік береді» (Әбу Дәуіт, Әдеп 3/4777).
Алланың Елшісі адамдармен жасаған мәмілесінде жеңілдікті артық көріп, ашуға, қызбалыққа жол бермейтін. Қателік пен кемшілікті кешірумен қатар жамандыққа жақсылық жасау және жамандығын көре тұрып оның түзеліп тура жолға түсуі үшін дұға ету - Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ерекше қасиеті еді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көркем мінез-құлқын көрсететін мына хадис мұсылмандарға айқын жол ашады: «Адамдар жақсылық жасаса біз де жақсылық жасаймыз. Ал егер зұлымдық жасаса біз де зұлымдық жасаймыз деп әрбір істе өзгелерге еліктейтін кісілігі жоқ жандардан болмаңдар. Алайда өздеріңді жақсылық жасаса жақсылық жасауға, жамандық жасаса зұлымдық жасамауға дағдыландырыңдар» (Тирмизи, Бирр 63/2007).
Хаббар ибн Әсуад ислам дұшпандарының ең азулыларының бірі еді. Түйе үстінде Мәдинаға хижрет етіп бара жатқан Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Зейнепті (р.а.) найзасымен түйреп жерге түсірді. Хазіреті Зейнеп жүкті болғандықтан баласы түсіп қалады және ауыр жарақат алады. Бұл жарақат кейінірек өліміне себепші болды. Хаббар бұл секілді талай қылмыстарды жасады. Мекке бағындырылғаннан кейін қашып қолға түспей кетті. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинада сахабаларымен отырған шағында мәжіліске кіріп мұсылман болғандығын білдірді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны да кешірді. Сахабаларына оны сөгуді тіпті ауыспалы мағынада айып тағуларына тыйым салды (Уақиди ІІ, 857-858).
Әбу Һурайраның (р.а.) хикмет толы насихаттарының бірі мынадай болатын: «Сендердің араларыңдағы бірің бауырының көзіндегі қылшықты көріп өзінің көзіндегі үлкен келтекті ұмытып кетеді» (Бұхари, әл-Әдәбул Муфрад 592). Кез келген жан өзі істеген қателікті жария етпеуі, жасыруы қажет. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Істеген күнәсін жария еткендерден тыс өзге үмбетімнің барлығы кешірілген. Бір кісі түнде бір жаман іс жасап, Алла оны жасырса да таңертең тұрып: «Ей, пәленше! Мен кеше былай істедім», - деп айтуы үлкен күнә. Шынында да сол түні Алла оның жамандығын жасырған еді, бірақ ол таң атқанда Алланың жасырғанын жария етеді» (Бұхари, Әдеп 60; Муслим, Зүһд 52).
Демек, адам істеген күнәсын жария етуі жамандықтың жайылуы. Хақ Тағала жамандықтың жайылуын жақсы көргендерді азаппен сүйіншілейді. Керісінше бұл дүниеде істеген күнәсынан ұялып, жасырған жанды қиямет күнінде қор қылмауы үміт етіледі.
Сөздің түйіні кейбір адамдар құлшылыққа үлкен мән бергендерімен Хақ Тағаланың басты сипаттарының бірі болған «Кешірімді», «Айыптарды жасырушы» деген мағынаға келетін сипатынан мақұрым. Әрбір адамның қателігі мен кемшілігі болады. Өзгенің қателігімен, кемшілігімен айналысып, өзін ұмытқандардың халі нендей күлкілі! Ал өз-өзін есепке тартып жүрген кісі күнә атаулыдан арылып ізгі жандардың қатарына енуі әбден мүмкін. Сондықтан кешіру және айыпты жасыру көркем мінез-құлықтың жақсы қасиеттерінің бірі екендігін ұмытпаған жөн.
Саясат Көкенай
"Байкен" мешітінің
найб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.