КІШІПЕЙІЛДІЛІК АСЫЛ ҚАСИЕТ
Кішіпейілдік пен әдептілік, сыпайылық тәрбиедегі басты ұстанымдардың бірі. Адамның қандай жағдайда да әдептілік сақтауы ұнамды қасиет. Мұсылман адам – биік адамгершілік қасиеттердің иесі. Оның көркем сипаты – момындық пен ұялшақтық, кішіпейілділік пен адамдарға деген махаббаты, нағыз ер-азаматтың қасиетімен ерекшеленетін жан.
Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінде бұл асыл қасиеттердің өзектілігі азайып бара жатқандығы айқын және қайта жаңғыртуды талап ететіндей деңгейде. Бұл тұрғысында адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салмақты да сабырлы, биязылығы туралы, өмірі кез-келген кісіге үлгі боларлықтай өнегелері бар. Құран кәрімде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оларға Алланың мейірімімен жұмсақ сыңай таныттың. Егер тұрпайы, қатал болғаныңда, олар маңайыңнан тарқап кетер еді» [3-59-аят] деп кішіпейілділіктің орасан зор адамдық қасиет екенін айтқан. Сондай-ақ кішіпейілділікті ата-анаға жасау керек екенін Алла Тағала Құранда былай бұйырады: «Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт»[17,23-24-аят] - деген. Құранда әрбір ер мен әйелдің бұл қасиеттерге ие болатынында мына аятында баяндайды: «Кішіпейіл ер кісілер мен кішіпейіл әйелдер, міне, оларды Алла толық кешіреді, әрі оларға үлкен сый әзірлейді» [33,31-аят]
Кішіпейілділіктің бір белгісі күлімдеп жүру. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға шаттық сыйлай алатын жарқын жүзді, күлімдеп жүретін болғандығын, жалпы ғаламға ұстаздық етіп, үлкен мәселелерді қозғаған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кішкентай бүлдіршіндермен құмда отырып ойыншық ойнайтындай қарапайым әрі кішіпейіл болғандығын байқаймыз.
Кішіпейілділіктің тағы бір белгісі кедейлермен бірге отыруға арланбау. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардан ерекшеленбеуге тырысатын. Ол: «Шын мәнінде, мен құл ғанамын, құл қалай тамақтанса, солай тамақтанамын, құл қалай отырса, солай отырамын[2]», – деген болатын.
Көпішіліктен ерекшеленбеуде кішіпейілділіктің белгісі. Бірде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарларының бірінде сахабаларына қой союды бұйырғанда, бір кісі: «Мен оны бауыздаймын», екіншісі: «Мен терісін сыпырамын», ал үшіншісі: «Мен оның етін пісіремін», – деп жұмыстарды өзара бөлуге кірісті. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ал мен отын жинаймын», – деді. Адамдар: «Мұны сенің орныңа біз жасаймыз», – деп өре түрегелген еді, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұны менің орныма сендердің жасайтындарыңды білемін, бірақ мен сендерден ерекшеленуді қаламаймын. Өйткені Алла пендесін жолдастарынан ерекшеленген күйде көруді ұнатпайды», – деді де, орнынан тұрып отын жинады[3]».
Ашуға беріліп қатаңдық танытпай кішіпейіл болу адамның ризық несібесін арттырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хазірет Айшаға (р.а.) қарап: «Айша, күдіксіз, Алла «Рафиқ» (биязы мінезді), биязылықты жақсы көреді. Қатаңдық және өзге де қытымыр мінездерге бермеген несібесін биязлықтың үлесіне береді» - деген.
Адамның иманының толық болуы да кемел адамдыққа жеткендігі кішіпейіл болғандығынан білінеді. Ол туралы Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мүміндердің ішіндегі иманы толығы – ең жақсы мінез-құлықты, кішіпейіл, тез достасқыш тартымдылары». Тіпті адам оқу оқып ешқандай дәрежеге жетпеген болса да оның бойындағы жақсы қасиеті биікке жетелейді. Әл-Жунайд: «Пенденің амалы мен білімі кем болса да, оны төрт нәрсе жоғарыға көтереді: мейірімділігі, кішіпейілдігі және жомарттығы мен көркем мінезі – оның иманының кемелдігін білдіреді», – дейді.
Кішіпейілділік қасиеті ардақты сахабалардың да бойынан табыла білген-ді. Айталық, хазірет Әбу Бәкір халифа болмай тұрып Синх аймағындағы халықтың қойларын сауып, оларға жәрдемдесетін. Ол халифа болып тағайындалған кезде көрші аймақтағы бір күңнің: “Сірә, Әбу Бәкір бұдан кейін біздің қойларымызды саумас”, – дегенін естіген Әбу Бәкір: “керісінше, өміріммен ант етейін, мен бұдан кейін де қойларыңызды сауамын. Мойныма алған бұл жауапкершілік мінез-құлқым мен әдеттерімді өзгерте қоймас”, – деп жауап берген. Бұл іс-әрекетімен адам бойындағы ит нәпсіні тәрбиелеудің, астамсып кетудің бірден-бір жолы екендігін аңғартады. Ол қой саууды Мәдинаның орталығына көшкенге дейін алты ай бойы жалғастырған.
Төрт халифаның бірі болған Әли әл-Муртада – бойына жақсылық атаулыны жия білген еді. Қайсарлық, батырлық, ілімді және жомарттығымен бірге өте кішіпейіл еді. Базардан сатып алған заттарды айналасындағылардың өтінішіне қарамастан, өзі көтеріп, адасқандарға жол сілтеп, әлсіз, дәрменсіз жандардың жоғын жоқтап, қиналғанда қастарынан табылатын. “Үш нәрсе кішіпейілділіктің негізін құрайды: кездескен кезде бірінші болып сәлем беру, үлкен жиналыстарда төрде шоқиып отырмау, рияшылдық пен жасандылықты жаны сүймеу” - деген нақылдар Әлидің (р.а.) сөздері.
Міне ислам діні кішіпейілділікке үндейді. Дана халқымыз «Ұлық болсаң кішік бол», «Жусаннан аласа бетеген биік бол» деген нақылдарын тегін айтпаса керек. Адамның өзін тәрбиелеп арлы абыройлы болуы маңызды қасиеттердің бірі. Өйткені кішіпейілділіктің қарама-қарсысы - астамсу, тәкаппарлану, ерекшелену, менсінбеушілік, дүниеқұмарлық, ашушаңдық. Барлық жаман қасиеттерден арылу үшін де кішіпейілдікті үйреніп, оны бойына сіңіру саналы ұрпақтың парызы екендігі белгілі.
1.Құран кәрім
2. «Мусаннаф Абдур-Раззақ» (10/415), Ибн Сағдтың «әт-Табақат әл-кубра» кітабы
3.«Хуласат әс-сиәр» (22-бет).
«Макка» мешітінің бас имамы,
Моллақанағатұлы Рахматулла
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.