МАЗХАБСЫЗДЫҚ ДІНСІЗДІККЕ АЛЫП БАРАР ЖОЛ
Мұсылмандарды соңғы пайғамбар болған Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пен сахабаларының жолынан тайдыруды мақсат еткендердің алғашқы қадамдары мазхабтарға қарсы бас көтеру екендігі тарих беттерінен белгілі. Мазхабтардың кейіннен шыққанын алға тартып, орынсыз дәйектерді айта бастаған бұл топтың қазіргі таңдағы нәтижелерінен көрініп-ақ жүр.
Хулафа-и Рашидин кезеңінде туындаған көптеген мәселелерде сахабалардың ортақ пікірі болды. Бұл мүжтахид сахабалар Исламды жеткізуге және дінді үйретуге барған жерлерде рухани дарынды, қалыптасқан шәкірттер дайындады, осылайша осындай іс-әрекеттерден кейін амалдық/фикхтық мектептер қалыптасты. Мысалы, біз ұстанатын Ханафи мазхабы Куфа мен Басраға барған Абдулла ибн Масғұд, Хазіреті Али секілді мүжтахид сахабалардан тәлім алған ғұламалар тарапынан негізі қаланды.
Мазхаб сөзінің мағынасы «жүрілген жол», «ұстанатын бағыт» секілді мағыналарды білдіреді. Шариғаттағы «мазхаб» сөзі арнайы әдістер, заңдылықтардың көмегімен Құран аяттары мен пайғамбардың сүннетінен шығарылатын үкімдер және көзқарас жиынтығын атайды. Әрбір мазхабтың, басқаша сөзбен айтқанда, мектептің ең басында пәтуа беруге құқығы бар, ижтихад жасай алатын мүжтахид имам тұрады. Мұндағы ижтихад сол кезеңдегі туындаған, жауабы Құран аяттары мен пайғамбар сүннетінен табылмаған мәселелерге дінді толықтай меңгерген адамдардың пікір алмасуы.
Әсілінде, күллі мұсылман ұстанатын дін біреу ғана және ол ешқашан өзгермейді. Алайда әрбір мемлекеттердің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жораларын ескерер болсақ, шариғат өзгеріп тұратыны хақ. Пайғамбардың кезінде мазхаб болмаса да, пайғамбардың өзі мазхабтың имамы болған десек артық айтпаспыз. Өйткені мазхаб деген сөздің өзі бағыт-бағдар беретін, жүрілетін жол деген мағынаға саятынын жоғарыда айтқан болатынбыз. Сондықтан да мазхабты ұстану бидғат, мазхабты ұстану қате деген пікірлердің өзі қате екенін ескерген жөн болар. Мазхабтардың пайда болуын заман керек етеді, адамның табиғатына да қажеттілік туындайды.
Мазхаб ұстанудағы басты мақсат – Жаратушы тарапынан келген парыз амалдарды тек жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар оның формасына,
әдіс-тәсіліне, жергілікті жерлердің әдет-ғұрпын ескеруіне ықпал ету.
Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейінгі кезеңде Алланың бұйрығы мен пайғамбардың азиз сүннетін түсіндіру, насихаттау жолында біраз ғалымдар тер төккен. Кезінде Имам Ахмадқа келіп бір кісі «Бір адам жүз мың хадис жаттаса, пәтуа бере алады ма?» деп сұрағанда, имам «Жоқ» дейді. Сөйтіп хадистің санын арттырып, соңында «Төрт жүз мың хадис жатқа білетін ше?» дегенде ғана, «Иә, мүмкін» деп жауап берген. Бұл риуаяттан түсінеріміз, жатқа білетіні мың хадиске жетпесе де, «мазхабты ұстану бидғат, бұл дүниеде тек Құран аяты мен Пайғамбар сүннетімен жүру қажет» деген секілді ұранмен қоғамда бүлік шығарып жүрген көптеген адамдар бар. Бұлар үлкен теңізге шығамыз деп ескексіз қайыққа мінген адамдар секілді. Қайда барарын білмей, қайықтың кімнің басқаруында болатынын шеше алмайды.
Сондықтан да дәл қазіргі жауабы жоқ, бірақ сұрағы көп заманда әрбір адамның өзінше әрекет ету ісі қате болмақ. Еліміздің дін саласындағы дәстүрлі жолы сүнниттік ислам екендігін ұмытпаған жөн болар. Елдегі жамағаттан, көпшіліктен бөлініп, отау ішінен отау тігу адасуға алып барады. Бұл турасында ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей ажыраса, мойнындағы Ислам арқанын шешіп тастағаны», – деп, мұсылман үмбетінің жік-жікке бөлінудің Ислам шариғатында өте қауіпті, тіпті адасушылыққа алып келетін жол екендігін көрсетуде. Сондықтан да елдің ел болып қалуы, діннің аман болуы үмбеттің бірлігіне қалған. Мұсылман үмбеті бір болса ғана елде тыныштық тұрақты, қоғамда өмір сүріп жүрген этностардың арасында үйлесімділік орнайды.
Алматы Орталық мешітінің наиб имамы
Бауыржан Көптілеуов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.