МҮБАРАК МӘУЛІТ АЙЫ
Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Мәуліт - арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы - Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбардың дүниеге келген уақытына байланысты атап өтілетін күн - мәуліт деп аталады. Бұл алғашқы кезде діни мереке болмаған, кейіннен енгізілген мереке. Ғалымдарымыз бұл мерекені "жақсы жаңалыққа" жатқызған және оған нақты өзіндік дәлелдері бар.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын әр аптаның дүйсенбі күні ораза ұстайтын болған. Сахабалар себебін сұрағанда, ол кісі, дүйсенбі күні туылғанын айтқан. Бұл жерде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін тойламаса да оны ескеріп өткенін көруге болады. Бұл мерекені алғаш кімдердің атап өткені туралы нақты ақпарат көздері жоқ. Бұл мереке алғашқы кезде жалпы ортақ жамағатпен аталмаған. Жамағаттың аз бөлігі ғана Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күніне ерекше мән беріп, сол күнді қуанышпен еске алғаны, адамдарға жақсы әсер бергендіктен, мәуліт мерекесін атап өтушілер саны көбейіп, жалпы ортақ мерекеге айналды. Батыстық зертеуші ұстаз Аббас Жаририйдың айтуынша: "Аббасийлер Халифалығы өздері кіші жамағат болып, мәуліт мерекесін атап өткен. Халифалар мәуліт күні адамдарға сыйлық беріп, қуаныш ұласқан.
Андалусиялық саяхатшы Ибн Жубайр айтуынша, (579/1183 жылы) Мекке қаласында Раббиул-аууал айының алғашқы дүйсенбі күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйін және басқада естеліктерін көру үшін ашып қоятын болған. Әбу Аббас Азафий (1235 ж) өзінің "Ад-дуррул муназзам фи маулиди ан Набийил муьаззам" атты шығармасында, Мекке қаласында Мәуліт күні ресми демалыс күні болғанын баяндайды. Шығармасымен адамдарды мәуліт мерекесін атап өтуге шақырған. Көпшілік тарихшылар, солардың қатарында Жалалуди Сютидың мағлұматтарын көре бұл күнді мереке етіп жаппай атап өтуды бірінші болып Аюбилерден Арбил (қазіргі Ирақтың солтүстігінде орналасқан) қаласының әкімі Әбу Саьид Музаффаруддин Көкбори ибн Зайниддин Алий ибн Бектегин (630/1232ж) болған. Белгілі болғандай хижридің орта ғасырларында Ислам әлемінде сопылық ғалымдардың еңбектері жақсара түскен кезеңде Мәуліт жиындарын ұйымдастыруда тасаууф жолын ұстанушылардың маңызды орны бар. Сол кездегі патша Музаффариддин де тасаууф іліміне қызығушылардан болып, зікір аламандарына барып, жиындарды қалдырмайтын болған. Мәуліт тек туған күнді атап өту мақсаты болмаған, бәлки Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегі байланған үмметті осы күндерде көбірек еске алып, ол кісінің өмірбаянымен жақынырақ танысып, сүннет амалдарды өз өмірімізде дәстүр етіп дағдылануға ең қолайлы кезең деп айтуға болады. Мәулітке Шиғалармен Алауилер көңіл бөлгені рас, бірақ бұл мерекені толықтай оларға тиесілі немесе сол топтардың туындысы деп айтуға болмайды. Бір адамды жақсы көрсеңіз, ол кісі бұл өмірден озғаннан кейін де, сол бір жанның туған күнімен, өмірден озған күндері сіз үшін қарапайым күндер сияқты өтпейтіні сөзсіз. Демек, көбінесе сол кісілердің жақсылықтарын, әрі олармен өткізген жақсы күндерді еске алып, ал естеліктерді көру арқылы аз болса да сағынышы басылады. Ал мұсылмандарға өз жанынанда артық көрген Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнінде жайбарақат жүру мүмкін еместігін көруге болады.
Әр нәрсенің өз кезеңі бар, мысалы мұсылмандар құранды оқып, үйреніп жүреді. Рамазан айында басқа айларға қарағанда көбірек құран оқып, қасиетті рамазан айын "құран айы" етуге тырысады. Сол секілді мәуліт айында да басқа айға қарағанда бұл айда біз не істеуміз қажет?!
Ең бірінші Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақынырақ танып, әрі мінез-құлқы мен өмірбаянын оқып танысуымыз керек. Себебі, бірде Айша анамыздан (р.а) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы жайында сұраған кезде: "Ол кісінің мінезі құран еді"- деп, Му'минун сүресінің алғашқы аяттарын оқып берген. Асылында Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақындау арқылы құранға да жақындайды екенбіз. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы құранда: Алла Тағала:
النَّبِي أَوْلَى بِالْمُؤمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ...
«Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық»,[2] – деп, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзімізден де артық жақсы көру керектігін білдірді. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иманның ләззаты жөнінде:
ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلَاوَةَ الإِيمَانِ أَنْ يكون اللهَ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِنْ مَا سِوَاهُمَا
Яғни: «мына үш нәрсе арқылы адам баласы иманның ләззатын татады: Солардың бірі – Алланы және Оның Елшісін өзге нәрселердің барлығынан артық жақсы көру..», – деген.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы сөздеріне амал еткен сахабалар Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлығынан да артық жақсы көре білді. Тіпті, өз жандарынан да артық жақсы көре білгендіктеріне мына сөздері нақты дәлел.
Олар сөзін: «Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа Расул Алла!» – деп бастайтын болған. Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаншалықты жақсы танысақ, ол кісіге болған махаббатымызда соншалықты артады дейді.
Екінші істеу керек болған амал - ол кісіге арнап салауат айту, себебі:
Құранда Алла Тағала:
إِنَّ اللّٰهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلٰى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذ۪ينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْل۪يمًا
«Шынында, Алла мен періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендерде оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» деп бұйыруда.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде маған қияметте ең жақын болатын кісі - маған ең көп салауат айтқан кісі деген. Сонымен қатар, кім ол кісіге салауат айтатын болса, Алла оған он есе көп сүйіншіленгенін туралы мына хадистен көруге болады
مَنْ صَلّٰى عَلَيَّ صَلَاةً صَلّٰى اللّٰهُ عَلَيْهِ بِهَا عَشْرًا
«Кім маған бір салауат оқыса, Алла оған он рақым және сый береді» (Нәсәи, сәһу 55).
Алла елшісіне салауат айту – біріншіден, діни міндетіміз. Екіншіден, оған деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, себебі адам жақсы көргенін әрдайым жақсылықпен еске алып, ол кісіге тек қайырлы нарсені тілейді емес пе?! Біздің өмірізде ең лайықты адам ол - Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Үшіншіден, салауатты көп айтқан үмметін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қияметте танитын болады. Төртіншіден, салауатты көп айтқан кісіге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағат етеді, себебі бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген сүйікті Елшінің ең үлкен дұғасы ақыретке сақталған. Анығында, салауат айтудың сырлары бұдан да көп. Енді қандай салауат айтсам болады деген сұрақ пайда болып жатқан шығар, өзіңіз білетін тілге жеңіл, жүрегіңізге жақын болғанын шын ниетпен айтқаныңыз абзал болады.
Салауат үлгілері:
1. اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِ مُحَمَّدٍ.
Аллаһуммә салли 'алә Мухаммәдин уә 'алә әли Мухаммәд
2. صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
саллә Аллаһу 'аләйһи уә сәлләм
3. أَللَّهُمَّ صَلِّ وَسَلِّمْ وَبَارِكْ عَلَيْهِ.
Аллаһуммә салли уә сәллим уә бәрик 'аләйһ
4. اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَسَلِّمْ.
Аллаһуммә салли 'алә Мухаммәдин уә 'алә әлиһи уә сәллим
5. صَلَّى اللهُ وَسَلَّمَ عَلَى نَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ.
Саллә Аллаһу уә сәлләмә 'алә нәбийина Мухаммәдин уә 'алә әлиһи уә әсхәбиһи әжмә'ъин
6. اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى مُحَمَّدٍ النَّبِيِّ الأُمِّيِّ وَعَلَى آلِ مُحَمَّدٍ.
Аллаһумма салли 'алә Мухаммәдин набийил уммийи уа 'алә әли Мухаммәд.
Үшіншісі: Сүннет амалдары – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)айтқан сөздері, істеген амалдары, істеуге рұқсат берген және адамның еркіне қалдырған амалдарын өз өміріміздің дәстүріне айналдыру.
Алла Тағала Елшісіне бағынуды Өзіне бағыну екенін айтты.
مَّنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللّهَ وَمَن تَوَلَّى فَمَا أَرْسَلْنَاكَ عَلَيْهِمْ حَفِيظاً
«Кім Пайғамбарға бағынса, расында Аллаға бағынған болады. Ал және кім бет бұрса, (Мұхаммед) оларға сені аңдушы етіп жібермедік» (Ниса, 80).
Алла Тағала Өзіне деген махабатты Елшісіне еру арқылы дәлелдеуге болатындығын Құранда былай баяндайды:
قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ
« (Мұхаммед) оларға: Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де. Және оларға: «Аллаға әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар» де. Егер олар бет бұрса, сонда Алла қарсы болушыларды сүймейді» (Әлі Ғимран, 31-32).
Алланың сүйікті құлы болу үшін де Алла Елшісіне ілесуміз қажет екен. Адамзат баласы үшін мына өмірдегі ең маңызды нарсе - ол тура жол болып табылады. Қандайда бір амал яки әрекет жасамайық тура жолда болмасақ, өміріміз босқа кетті дегені емес пе?!
لَقَدْ مَنَّ اللّهُ عَلَى الْمُؤمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولاً مِّنْ أَنفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِن كَانُواْ مِن قَبْلُ لَفِي ضَلالٍ مُّبِينٍ
«Расында Алла Тағала мүминдерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алланың аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді»,- деген аят түсірген (Әли Ғымран, 164).
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрекеттері өз ойынан немесе жай істей салған әрекеті емес екендігіне дәлел:
وَمَا يَنطِقُ عَنِ الْهَوَى
إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَى
«Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» (Нәжім, 3-4).
Біз тура жолда болуымыз үшін де Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге қалдырған жолмен жүруіміз қажет екен. Жоғарыда айтып өткен амалдармен күніңізді көркемдеп мәуліт айын берекелі өткізіңіз!
Сейдманов Олжас
Алатау ауданы
"Нұр" мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.