ПАЙҒАМБАР БҰЗДЫРҒАН МЕШІТ
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны, дәлірек айтқанда исламның насихатталуы шартты түрде екі кезең: Мекке және Мәдина кезеңі деп қарастырылады. Хижрет, яғни пайғамбар бастаған ұлы көш Мәдина қаласында жаңа қоғам іргетасын қалады. Алла пайғамбары құтты қалада ең әуелі үш басты мәселені: екі қала мұсылмандарын бауырластыру және қаладағы өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасын құжат жүзінде бекітті. Ең бастысы мешіт құрылысын қолға алды. Өйткені, мешіт тек құлшылық орны ғана емес. Сонымен қатар, мұсылман тыныс-тіршілігінің орталығы еді.
Ислам тарихында «Дирар мешіті», зиян келтіруші мешіт деген оқиға бар. Бұл үмбет үшін ең қастерлі мекен мешітті сылтау етіп, мұсылман қоғамына арандату әрекеті еді. Әз-Пайғамбар (с.ғ.с.) Тәбук жорығынан қайтып келе жатқанда Қасиетті Құранның: «Бір топ мұнафиқ исламға және мұсылмандарға зиян келтіру, күпірлікті қолдау, мүміндердің арасына жік салу әрі бұрынырақта Аллаға және пайғамбарына қарсы соғыс ашқан кісінің (Әбу Амирдің) келіп, өздеріне қосылуын күту мақсатында бір мешіт салды[1]», – деген аяты уахи етілді.
Бұл аяттың түсу тарихы, жоғарыда айтқанымыздай, мұсылмандардың Мәдина шаһарына һижрет етіп келуімен байланысты. Алла елшісі бұл қалаға келмей тұрып, жергілікті хазраж руынан Әбу Амир есімді кісі биліктен дәмелі еді. Ол кітап иелерінің білімдерін оқыған сауатты кісі болды. Хазраж руының ішінде үлкен беделге ие еді.
Пайғамбар көшіп келген соң ағайынды хазраж бен аус руы түгелдей Алла елшісінің айналасына топтасты. Бәдір ғазауатында мұсылмандардың мерейі үстем болуы Әбу Амирдің ішінде бүгіп жүрген дұшпандығын сыртына шығарды. Ол ашықтан-ашық мұсылмандарға деген арам ниетін көрсетті. Мұнан кейін мұсылмандармен жауласуға бел буып, Меккеге бас сауғалады. Ұхуд жорығында бар айла-тәсілін жасады. Шайқастан алдын ансар сахабаларды өз сапына қосып алмақ болып сөз сөйлегені де бар. Бірақ мәдиналық мұсылмандар: «Алланың дұшпаны, жүзі қара!» – деп бетін қайтарып тастады.
Әбу Амир қаладан қашып кетпей жатып пайғамбарымыз оны иманға шақырып, Құран аяттарын да оқып берген еді. Бірақ, көкірек көзі тұмшаланған ол Құранға құлақ аспады. Ұхуд жорығында жоспары күл-талқан болған екіжүзді Әбу Амир рим жеріне қашты. Император сарайынан әскер сұрады. Мәдина қаласындағы жақтастарына пайғамбармен соғысу үшін рим әскерін алып келетінін уәде етіп хат жазды. Серіктеріне қатарларына қосылатын еріктілерге тұрақ дайындауын тапсырады.
Мәдиналық мұнафиқтар да Құба мешітінен біршама қашықтықта жаңа мешіт құрылысын бастап кетті. Алла елшісі (с.ғ.с.) Табук жорығына аттанар қарсаңында мешіт құрылысы толығымен біткен еді. Мұнафиқтар пайғамбардан жаңа мешітте намаз оқуын өтінді. Суық күндерге әлсіз адамдар мен қарттарға арнап салдық деп жатты. Осы әрекетімен ниеттері таза екенін дәлелдемек болғандай еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Біз сапар қамындамыз. Алла қаласа, оралған соң көреміз», – деп қысқа қайырды.
Мұсылман әскері жорықтан қайтып келе жатқан. Қалаға шамамен бір күндік жол қалған еді. Осы кезде көктен уахи түсті. Жәбірейіл періште салынған жаңа мешіт «дирар мешіті» – зиян тигізуші мешіт, ал оны салғандар екіжүзділер деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лезде мешітті бұздыруға адам аттандырды[2].
Жоғарыдағы уахидің жалғасында: «Бірақ, олар мүміндерге: «Біз бұл мешітті салғанда жақсылықтан басқа еш нәрсе көздеген емеспіз», – деп ант-су ішеді. Алайда, олардың өтірікші екендігіне бір Алла куә. Уа, Мұхаммед! Ол мешітте әсте намаз оқушы болма. Әу бастан тақуалыққа негізделіп салынған (Мәдинадағы) мешіт сен үшін намаз оқуға ең лайықты орын. Ол мешітте жан-тәнімен күнә һәм арсыздық атаулыдан арылуды қалайтын нағыз ерлер бар. Алла күнә мен арсыздық атаулыдан арылып, тазаруға тырысатын жандарды жақсы көреді[3]», – деп баяндалды.
Аятқа зер салсақ, «Дирар мешітінің» салынуында төрт жайт көзделген:
- Жұртқа зиян тигізу;
- Екіжүзді топ жақтастарының санын көбейту;
- Ел ауызбіршілігін іштен ірітіп, мұсылман қоғамында алауыздық тудырып, араларына жік салу;
- Алла дініне қарсы соғысатындарға қолдау көрсету[4].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аммар бин Ясир және Малик бин Духшум бастаған бір топ сахабаға: «Залымдардың мешітіне тез аттаныңдар да қиратыңдар», – деп бұйрық берді[5]. «Неліктен мешітті бұздырды? Оны игі мақсатта пайдаланса болмас па еді?» – деген сұрақ туындайды. Себебі, бұл мешіттің мақсаты қоғам ішіне ірікті салу еді. Оның құрылысының артында жымысқы пиғылды топ тұрды. Ал аяттағы іргесі тақуалыққа негізделген мешіт дегені белгілі бір мешіт емес. Бұл қоғам игілігіне қызмет ететін әрбір мешіт.
Екіжүзді топ мешіт құрылысын шариғи тұрғыдан негіздеуге әрекет етті. Қарт және әлсіз кісілер суық күнде мешітке баруы қиын, оларға жаңа мешіт қажет деген сылтауды алға тартты. Жұрт мешітте құлшылық етуі үшін пайғамбардың ат басын тіреуі қажет еді. Ойларын айтып, жаңа бой көтерген мешітте намаз оқуын өтінді. Бірақ, Алланың қалауымен, бұл айлалары іске аспай қалды.
Түйіндей айтқанда, бұл мәселені пайғамбар қалай шешті? Алла елшісі (с.ғ.с.) мешітті бұздырып тастады. Бұл ең дұрыс шешім еді. Қоғам ауызбіршілігіне қауіп төндіретін, мұсылмандардың ынтымағын іштен бұзатын әрбір әрекет түп тамырымен жоқ етілуі керек. Өйткені, жеңіл-желпі ем-доммен асқынған дерттің бетін қайтару мүмкін емес. Қоғамда идеологиялық дерт ушыға бастағаны байқалса, алдын алу мақсатында нақты және батыл қадам жасалуы керек.
[1] Тәубе сүресі, 107-аят
[2] Ибн Касир тәпсірі, 2/338
[3] Тәубе сүресі, 108-аят
[4] Ибн Касир тәпсірі, 2/403
[5] Ибн Һишам сирасы, 4/184
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.