Қарахан дәуірінде аударылған Құран
Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігін» зерттеп жүрген соң ол дәуірді кеңінен тануым үшін Қарахан дәуірінде хатқа түскен барлық жазбаны қарауым керек болды. Зерттеу барысымен Түркияда жүргенде «Қарахан мемлекеті кезінде Құранның көне түрік тілінде аудармасы жасалған» дегенді оқыдым. Бұл мәлімет бізді еріксіз таң қалдырды. «Бұл мүмкін бе? Егер мүмкін болса, неге толық айтылмайды?» деген таңданысым болғаны жасырын емес. Сөйтіп ол жайлы университеттегі ұстаздардан сұрастыра бастадым. Кітапханаларды аралап, әрі қарай сол жазбаның факсимилесін іздедім. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, бір күні жіптің ұшы қолға іліне бастады. Қуанғаннан шыдамсызданып әрі қарай суыртпақтай түстім. Енді сол көргенім мен түйгенімді Қасиетті Рамазан айында жазудың сәті түсіп тұрған сыңайлы.
Алты аударма сақталған
Құранның ертеректе жасалған бұл тәржімасын түрік ғалымдары «сатыр алты Куран тержумеси» деп атайды екен. Түрік тілінен қазақшаға «сатыр» – қатар, «алты» – асты деп аударсақ, сонда «Құранның қатар асты тәржімасы» деуге болады. Оны бұлай дейтін себебі, кітапта әуелі арабша Құран жазылған да, әр қатардың, әр сөздің астында көне түрікше аудармасы берілген. Сонда бабаларымыз Құранды оқып отырып, оның мағынасын да түсінген деген сөз. Енді мына қызықты қараңыз, осындай аударманың бүгінге дейін алтауы табылыпты. Иә, біреу емес, екеу емес, бақандай алтау. Бұдан басқа бар ма, жоқ па, әзірге беймәлім. Дегенмен, алты аударманың өзі оңай жұмыс емес. Осы алты аударманың бірі – Манчестерде, тағы бірі – Петерборда, енді бірі Ташкентте және қалған үшеуі Стамбұл мен Конияда сақтаулы. Енді олардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып көрсек.
Манчестердегі Риландс кітапханасында Құран аудармасының 14 томы сақтаулы тұр. Осы 14 том кітаптың өзі 1145 парақ болады. Ол туралы кезінде Жанос Екман және Зәки Уәлиди Тоған зерттеген. Екінші нұсқаны 1914 жылы Зәки Уалиди Тоған қазіргі Өзбекстанның Қарши қаласынан көріп, сатып алып Ленинградқа жеткізген. 147 парақтан тұратын оның көшірмесі кейін Түркияға да әкелінген.
Ал үшінші нұсқа Өзбекстан Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы, 270 парақтан тұрады. Төртіншісі Стамбұлдың «Түрік ислам жазбалары музейінде» (902 парақ), бесіншісі Сүлеймания кітапханасында (588 парақ) тұр. Алтыншы аударма Конияда сақталған. Ол әрқайсысы 308 парақтан тұратын 2 том кітап, бас-аяғы 1304 бет.
Құранның аударылған уақыты
Енді осы жерде заңды бір сұрақ туады. Бұл аудармалар нақты қай уақытта жасалуы мүмкін? Ол үшін әуелі Құран аудармасының тарихына үңілу маңызды. Ғалымдардың зерттеуінше, қасиетті кітап ең алғаш Саманилер билігі дәуірінде (875-999) парсы тіліне аударылған. Содан кейін түрік тіліне тәржімаланған.
Башқұрт қайраткері Зәки Уәлиди Тоған осы екі тілдегі аударма да бір уақытта қатар жасалған деген пікір айтқан. Ал түрік ғалымдары Фуат Көпүрұлы мен Абдулқадир Инан парсыша аудармасы шыққан соң, шамамен бір ғасырдан кейін аударылды деген болжам жасайды. Ғалымдардың бұлай дейтін себебі – Құранның аудармасында Қарахан дәуіріндегі тіл ерекшелігі молынан сақталған. Сонымен қатар алты нұсқаның кейбірі ХVІ ғасырларда тәржімаланған деп пікір айтқан ғалымдар бар. Қалай болғанда да, ғалымдар Құранның көне түрік тіліндегі аудармасы ХІІ-ХVІ ғасырлар арасында жасалған деген пікірге бірауыздан келіседі.
Құранның көне түрікше аудармасындағы тілдік ерекшеліктерді зерттей келе, белгілі түрколог ғалым Ахмет Бижан Ержиласун Англияда, Ресейде, Өзбекстанда және Стамбұлдың «Түрік ислам жазбалары музейінде» сақталған төрт нұсқасын Қарахан дәуірінде аударылған деп тұжырымдайды. Түрік ғалымы Осман Фикри Серткая қалған екеуінде Хорезм дәуірі мен оғыз тобының тілдік элементтері кездеседі деп көрсетеді. Аударманың тілдік ерекшелігі мен тарихи байланысын зерделей келе, Абдулқадир Инан Құран аудару ісі Анадолыға Орталық Азиядан келген деген пікірге келеді. Бұлай болуы да заңдылық. Өйткені бұрынғы Селжұқ, оның жалғасы болған Осман мемлекеті араб және парсылармен етене араласып, олардың тілі мен мәдениетін еркін меңгерді.
Ал Орталық Азияда көшпелі мәдениет барынша сақталды да, Құран Кәрімді түсіну үшін тәржіма қажеттілігі туды. Нәтижесінде аударма пайда болды. Демек алты аударманың төртеуі шамамен он ғасыр бұрын жасалған деуге толық негіз бар. Ескі заманнан жеткен сол жәдігерлерге қарасаңыз, кітап бетінде Құран сүрелері арабша жазылып, әр қатардың астына аудармасы берілгенін байқайсыз. Бұл бір жағынан сол заманның өзінде көне түрік халықтары арасынан дін ғұламаларының көптеп шыққанын көрсетеді. Бұлай деуіміздің бір себебі – Қарахандардың ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауы.
Қарахан дәуіріндегі діни ахуал
Сол уақытта түрік халықтары мұсылмандықты жаппай қабылдайды. Белгілі ғалым В.Бартольд орта ғасырда өмір сүрген Ибн әл-Асирдың еңбегіне сүйене отырып 960 жылы 200 мың шаңырақтың ислам дінін қабылдағанын жазады. Бұл Қарахан мемлекетінде болған жайт. Шынында Ұлы Далада Қарахан (840-1212 ) дәуірінде Ислам діні шарықтап дамығаны туралы дерек жетерлік. Дәл осы Қарахан дәуірінде діни тақырыпты қозғаған әдеби шығармалар көптеп дүниеге келді. «Құтадғу білік», «Диуани лұғат ат-түрік», «Хибатул Хақайық», «Диуани Хикмет» және т.б.
Қарахандарға дейінгі діни ахуал
Көне түріктер әуелде тәңірлік сенімде болғаны белгілі. Алайда елімізде ол туралы кешенді зерттеулер жоқ. Ежелгі тәңірлік сенім мен қазіргі шаманизмнің арасы жер мен көктей. Мұны бір семинарында Венгрия діни зерттеу қауымдастығында шаманизмді зерттеп жүрген ғалым, профоссор Михал Хопполдан естіп едім.
Көне түріктер тәңірлік сенімде болғанымен, одан кейін бұл далаға парсылар тарапынан зароастризм, манихей діндері келді. Одан бөлек будда діні де әжептәуір тарады. Яғни орта ғасырларда көне түріктер жаппай бір наным-сенімде болмады. Демек Қарахан дәуірінде халықтың басым бөлігінің Ислам дінін таңдауы – алдымен Алла қалауы, олардың ақиқатты іздеуі мен жүрек түкпірінен шыққан терең толғанысының нәтижесі екенін аңғарамыз. Оның үстіне бұл шешімге бір адам емес, тұтас қауым табан тіреп отыр емес пе? Осыдан-ақ көп нәрсені бағамдауға болады.
Қарахандар дәуірінен кейін де түрік халықтарының кейбір тайпасында манихей, будда діндерінің етек алғанын және кей тайпалардың христиан, иудей діндеріне өткенін де тарихтан білеміз. Осының бәрі Құран аудармаларының көптеп жасалуына ықпал еткен секілді. Ол үшін ана тілінің уызына жарып өскен Ұлы Даланың төл перзенттері еңбек сіңіргені айтпаса да белгілі. Демек Құранның біз атап көрсеткен көне түрікшедегі аудармалары – сол кездегі халықтың рухани сұранысынан, қажеттілігінен туған дүниелер. Алланың сөзін түсіну мен оған деген құрмет Ұлы Далада сонау көне заманнан бастау алады. Халқымыздың бүгінге дейін қасиетті Құран Кәрімді ерекше қадірлеуінен тарихи сананы тануға болады.
Бекарыс НҰРИМАН,
PhD доктор, Web of Science және Scopus базасындағы
Millî Folklor журналының Қазақстандағы өкілі
«Мұнара» газеті, №10, 2020 жыл
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.