Құран жайлы 40 хадис: 15-ХАДИС
Он бесінші хадис
عَبْدَ اللهِ بْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ:"لَا حَسَدَ إِلَّا عَلَى اثْنَتَيْنِ، رَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ الْكِتَابَ فَقَامَ بِهِ آنَاءَ اللَّيْلِ وآناء النهار، وَرَجُلٌ أَعْطَاهُ اللَّهُ مَالًا فَهُوَ يَتَصَدَّقُ بِهِ آنَاءَ اللَّيْلِ وَآنَاءَ النَّهَارِ" (رواه البخاري، ومسلم).
Абдулла ибн Омардан (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Екі адамға ғана қызығуға болады: «Алла Тағала Құранды нәсіп етіп, оны күні-түні оқып, амал еткен адам. Алла Тағала байлық нәсіп етіп, оны күні-түні садақаға жұмсаған адам», – деген» (әл-Бұхари, Муслим)[1].
[1] «Сахих әл-Бұхари», «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Қари адамға қызығу» тарауы, (5025); «Таухид» бөлімі, «Қырық бесінші» тарау, (7529). «Сахих Муслим», «Жолаушылардың намазы және намазды қысқартып оқу» бөлімі, «Құранды біліп, оған амал еткен адамның артықшылығы» тарауы, (815).
Хадистің мағынасы: имам әл-Бұхари бұл хадистің тақырыбын «Қари адамға қызығу» деп атаған. Осылайша ол хадисте келген «хасад» деген сөз рұқсат етілген қызығу мағынасында келгенін аңғартқан. Яғни бір адамның екінші бір адамға бұйырған нығметке қызығуы, бірақ күңшілдік қылмауы мағынасында. Қандай да бір нығметке осылайша ұмтылыс білдіруді жарысу дейді. Жарыс құлшылыққа бағытталса, мақтауға лайық амал саналады. Соған байланысты Алла Тағала: «Жарысушылар, осыған жарыссын» деп айтқан (Мутаффифин, 26-аят). Күнәға жетелейтін жарыс өте айыпты іс болып табылады. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұндай амалдан тыйып, бір хадисінде: «...бір-бірлеріңмен жарысып бәсекелеспеңдер, бір-бірлеріңе күңшілдік қылмаңдар...» – деп айтқан (Муслим). Жалпы «хасад» деп қандай да бір адамның басынан бағы тайса, ырысы кетсе екен деп тілеуді, пиғыл білдіруді айтады. Кейбір ғұламалардың айтуынша, «хасад» – бір адамның басындағы бақ маған ғана бұйырса екен, сол нығметтің иесі мен ғана болсам деп тілеу. Мұндай адам сөзсіз күнәһар саналады.
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.