ЖАСТАРДЫ ЖАТ АҒЫМНАН АРАШАЛАЙЫҚ
Тұрақты дамудың негізі – ол әрине бәсекеге қабілетті жастар буыны. Ал бұл өз кезегінде тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.
Қазіргі таңда Қазақстан халқының саны 19 миллионға жеткендігін және 4,2 миллионнан астам адамы жастар қауымы екенін ескерсек, олардың жат діннің жетегінде кету ықтималдығын да назарда ұстағанымыз жөн.
Өкінішке орай, теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың саны бір кездері күрт өсті. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында жастар санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу үшін патриотизм сезімін арттыру қажет деп санаймын. Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, сананы көтеру – рухани-ағарту саласындағы басты мақсаттардың бірі.
Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы, ненің ақ? ненің қара? екенін ажырата алмай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ. Қасеитті Құран Кәрімнің ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деумен басталады. Құранда «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» Нәхл сүресі, 43-аят, «Білгендер мен білмегендер тең бе?» Зүмәр сүресі, 9-аяттарда білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екендігі туралы тайға таңба басқандай етіп анық айтылып тұр.
Келесі бір жастарымыздың адасуына себеп болып отырған – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына әкеліп отыр.
Теріс жолға түсіп кетпеудің, идеологияның құрбаны болмаудың тағы бір өзекті мәселелерінің бірі – отбасыдағы тәрбие. Әке-шешенің, туған-туыстың беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың, жан жылулығын отбасынан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күн-көрістің қамымен жүріп, күйбең тіршілік күйгелектеткен баланың ойындағы оқи да алмаймыз. Ол аз десеңіз, балаға тәрбие беруге келгенде өкінішке орай, салғырттыққа салынып жатырмыз. Осындайда, әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзі еріксіз еске түседі. Ұяда дұрыс тәлім-тәрбие ала алмаған бала, ұшқанда тағдырдың қатал қатпарларына соғылары анық.
Жалпы қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы және жұмыссыздық. Тұрақты табыс көзі жоқ азаматтар, арам пиғылды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің құрығына тез ілігеді. Жұмысқа тұрғызу, қаржылай көмек беру, баспанамен қамтамасыз ету секілді тұрмыстың жақсаруына себепкер болатын дүниелерді ұсынып, өздерін жақсы көрсетіп, қарапайым халықтың адасқан екендігін түсіндірумен әлек болып жатады. Тұрмыстық тауқыметтің ауыр кезеңінде қол үшін берген азаматтардың қандай да бір өтінішін немесе бұйрығын орындау ол азаматқа түкке тұрғысыз оп-оңай іс болып қалады. Өзін лаңкес санап, түрлі жан түршігерлік оқиғаларға барып жатқан мысалдар жетерлік. Онымен қоса, жас кезінде алған кейбір психологиялық соққы болашағының бұлыңғыр болуына себепкер болу әбден мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының немесе жақын туыстарының ішімдікке, нашақорлыққа әуес болуы, достарының арасында абыройсыздық немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өзін жайлы сезіне алмауы, кейбір жағдайларда өзінің жасаған ісінен қатты қорқуынан, ұялуынан, ыңғайсыз сезінетіндігінен психологиялық күйзеліске ұшырап, ауыр соққы алуы әбден мүмкін. Осындай қиын қыстау кезеңдерде жанында демеу болатын адамның табылмауына байланысты, жат ағым жетегіне еріп жатады. Ағым өкілдері арасында азаматтың бұрынғы өмірі маңызды емес екендігін түсіндіріп, сынақ екенін айтып жанын тыныштандыру арқылы сеніміне кіріп, бауырмалдық сезімін ұялатады. Жақын адамы көрсетпеген жан жылулығын өзгеден табу арқылы өзінің қалай ағым мүшесі болғанын білмей қалған жәйттер кездесіп жатады.
Адамның қоғам ортасында өзінің орнын таба алуына себепкер болатын тағы бір фактор – өскен ортасы. Халық даналығындағы: «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жақа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар, белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді. Өкінішке орай, зиянды іс-әрекеттер жиі орын алатын орталарда, жамандыққа бір табан жақын болып өсетіні анық. Адам баласы ақ пен қараны ажырата алатындай дәрежеге жеттім деген кезде, жұмыс орнындағы адамдардың ой-пікірі діни ағым жетегінде кетуге себепкер болуы әбден мүмкін.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына, шет елдерде күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азаматтардың тигізген зияны орасан зор. Тәуелсіздіктен кейін, шекаралар ашылып, шет елдерде білім алу қолжетімді болған сәтте, қазақ жастары жапа-тармағай шет елдерге жөнелді. Ең өкініштісі, ол жақтарда біздің ұлттық дәстүріміз бен дінімізге сәйкес келмейтін, басқа бір біліммен сусындады. Шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елімізге оралған кезде, әр жерлерде қызметке орналасып жастардың улануына себепкер болды.
Қорытындылай келе, жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын. Барлық мәселеге жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеу – уақыт күттірмейді.
Жүнісбеков Бақытжан
"Нұрлы" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.