ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ КЕРЕК ПА?
Ислам діні күллі адамзатқа түскендіктен мұнда адамға қатысты еш нәрсе назардан тыс қалмаған. Адам баласының дүниеге келгеннен қара жер қойнына кеткенге дейінгі аралықтағы барлық мәселе қамтылған. Соның бірі Алла Тағаланың жер бетіне түсірген ер мен әйел арасындағы ерекше нәзік қарым қатынасы. Яғни, төсек қатынасы. Бұл тақырып әрбір мұсылман әйел мен ердің білуі қажет дүние.
Ендеше, алдымен жыныстық қатынасқа түсудің әдептерін назарларыңызға ұсынайық.
1. Ерлі-зайыпты екеуі жыныстық қатынасқа түспестен бұрын дәрет алғаны абзал. Себебі дәреті бардың бойынан шайтан аулақ болады. Оның үстіне дәретпен болған жыныстық қатынас келешек ұрпақтың да тегіне, рухына әсер етеді. Бүгінде дәрет тұрмақ, ішімдікке сылқия тойып алып жақындасып жататындар да бар. Бұл баланы жатырға жетпей улау болып есептеледі.
2. Қатынасқа түсер алдын «Бисмилләмен» бастап, жыныстық қатынасқа түсерде айтылатын дұғаны оқу. Ол дұға былай: «Бисмилләһи! Аллаһумма жәннибнәш шәйтаанәә уә жәннибнәш шәйтаанә мәә разәқтәнәә». Мағынасы: «Алланың атымен бастаймын! Аллаһым, бізді шайтаннан және шайтанды бізге нәсіп ететін ұрпағымыздан алыстат!».
3. Бүркену. Яғни көрпенің астында болу.
4. Жыныстық қатынаста Құбылаға қарсы болмау. Яғни бас құбылаға қарап жатуы тиіс.
5. Жыныстық қатынасқа түспестен бұрын әйелімен жұмсақ қарым-қатынаста болып, жылы сөздер сөйлеу. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "хайуан" секілді болмауымызды ескертеді.
6. Жыныстық қатынасқа түскеннен кейін әйел де, еркек те толықтай жуынып, ғұсыл құйынуы тиіс.
Бұл - жыныстық қатынастың әдептері. Бұл мәселеде тыйымдар да бар. Енді соған тоқталсақ:
1. Әйелдің етеккірі кезінде және балалы болған соң қырық күн келетін қаннан арылмайынша жақындаспау. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ей, Мұхаммед, сенен етеккір туралы сұрайды. Оларға: «Етеккір зиянды. Ол мезгілде әйелдеріңнен аулақ болыңдар. Етеккірден арылғанға дейін жақындамаңдар. Пәк болған кезде Алла өздеріңе бұйырған жерінен жақындаңдар», – деп айт. Ақиқатында Алла тәубе етушілерді ұнатады әрі арамнан, нәжістен пәк адамдарды жақсы көреді», – дейді. (Бақара сүресі, 222-аят)
2. Артқы жолдан жақындаспау. Себебі Құранда Алла Тағала: «Өздеріңе бұйырған жерінен жақындаңдар», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйеліне артқы жолдан жақындағанға Алланың лағнеті жауады», – деген.
3. Әйелімен жыныстық қатынаста болған жағдайларды, араларындағы сырды өзгеге айтпау, жаймау. Бұл да – харам. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Қиямет күні Алланың алдында аманатқа жасалған ең үлкен қиянаттың бірі - ерлі-зайыптының жыныстық қатынасқа түскеннен кейін араларындағы сырды басқа біреулерге жаюлары», – дейді.
Кейбір әдеп кітаптарында жыныстық қатынасқа түсу уақыттары да жазылған. Яғни ғалымдардың кеңес ететін күндері: дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма түндері және түске дейінгі уақыт.
Ал кеңес етпейтін уақыттар:
1. Жексенбі және сәрсенбі күнінің түндері.
2. Мұсылманша күнтізбе бойынша айдың бірінші, он бесінші және соңғы түндері.
3. Рамазан және Құрбан айт мерекелерінің түндерінде.
4. Бараат түні.
5. Жолға шығардың алдындағы түнде.
6. Күндіз түстен кейін.
Әрине, жыныстық қатынасқа түсу уақыттары бұл міндетті емес, тек адам бұл кеңестерден зиян көрмейді, керісінше, пайдасы болмаса. Бұл жерде көп сұралатын бір сұраққа тоқталып өтсек, қандай да бір күннің түні деген - ол сол күннің алдыңғы түні. Мәселен, жұма түні десе, бейсенбіден жұмаға қараған түн деген сөз.
Міне, жоғарыдағы тыйымдардан басқаға Ислам діні рұқсат береді. Қалай жақындасса да ерлі-зайыптылардың өз еркі. Себебі Құран Кәрімде: «Әйелдер сендердің егіндіктерің (ұрық себетін орын). Егіндіктеріңе қалағандарыңша келіңдер», – дейді (Бақара сүресі, 223-аят)
«Ерлі-зайыптылардың төсек қатынасы шырын да ләззатты болу үшін сезім мүшелерінің барлығы іске қосылу керек. Бұл нәрсе еркек пен әйелдің бір-бірінің көзі үшін сәнденулері, мұрындары үшін хош иістенулері, құлақтары үшін жағымды сөздер айтулары арқылы көрініс табады. Мұсылман әйел түзде әдепті, үйде қылықты болу керек. Еркектің көңілін жай таптырар орны – шаңырағы. Сол шаңырақтың шаттығы үшін әйел осындай іс-әрекеттерге барса, бұл мақтауға тұрарлық нәрсе және ол сауапсыз да қалмайды. Өйткені Алла Тағаланың Өзі жәннаттың әйелдерін «күйеулеріне сүйікті (ерлерінің аңсарын аудырып, құштарлығын шақырып тұрушы)» деп сипаттаған. («Уақиға» сүресі, 36-37 аяттар)» делінген діни әдебиетте. Әйел күйеуінің көңілін аулау үшін әдепті әйелге жараспайтын жұқа, қысқа киімдер киіп, түрлі сөздер айтып қылықтар көрсетсе, оның бәрі оң саналады. Шариғат ерлі-зайыптыларға бір-бірінің денесінің кез-келген бөлігіне қарауға рұқсат береді. Сондай-ақ, еркек пен әйелдің төсекте киімсіз, жалаңаш болулары жыныстық қатынасты нәтижелі ететін алғы шарттардың бірі. Егер ерлі-зайыптылар түгел шешінбей жеңіл киімде болғанды жөн санаса, бұл олардың өз еріктеріндегі нәрсе.
Кезінде «Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің жыныс мүшелерін ұстап, сипалауларына бола ма?» деген сұрақты имам Әбу Ханифадан оның шәкірті Әбу Юсуф сұраған екен. Сонда Имам Ағзам: «Онда тұрған ештеңе жоқ. Бәлкім, олардың алар сауаптары арта түсер деп үміттенемін», - деп жауап берген («Муғнил-мухтаж», Хатиб әш-Шарини, 3-том, 144-бет).
Ғұламаларымыз тіпті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне және алдыңғы өткен ізгі кісілердің хабарларына сүйене отырып жыныстық қатынастың көптеген әдептерін көрсеткен. Солардан үзінді келтірейік:
1. Төсек қатынасының алдында алдын айтқанымыздай «бисмиллә» деп, сүннетте келген дұғаны айту. Хадис имамдары түгелге дерлік Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мына хадисті риуаят еткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сіздердің біріңіз әйеліне жақындаспақ болса; «Бисмилләһ, Аллаһумма жәннибнәш-шайтан, уә жәннибиш-шайтана мә разақтана» деп айтсын. Егер осы (төсек қатынасының нәтижесінде) араларында бала пайда болса, ол балаға шайтан ешқашан зарар жеткізе алмайды».
2. Әйелді төсек қатынасына дайындау. Еркектің күтпеген жерден бірден әйеліне бас салуы оның төсек қатынасындағы әдепсіздігі болып табылады. Әйел еркек сияқты жыныстық қатынасқа жылдам дайын бола алмайды. Сондықтан да шақуат талабы оянған еркек жұбайын төсекке еппен тартуы керек.
3. Еркектің дөрекілік көрсетпеуі және асығыс әрекетке бармауы. Төсек қатынасы еркек пен әйелден үйлесімділік талап етеді. Қатынас екеуіне бірдей жағымды болғанда ғана ләззат, тоят көрініс табады. Сондықтан да еркек дөрекі қимылдап ісін тез бітіре салмай, асықпай баптап, қашан әйел бойынан кеткенше күткені жөн. Өйткені, әйел кісі еркекке қарағанда бойын кешірек береді. Толық тоят таба алмай қалған әйелдің бойында мазасыздық пайда болып, төсек қатынасына салқын қарап, одан жеруі мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Қайсыбіреулерің әйелімен төсек қатынасын жасаса, оған адал болсын. Егер ол қажетін (әйелінен) бұрын өтеп қойса, оны қажетін өтеп болғанша асықтырмасын.
4. Еркек пен әйелдің сырт көзден оңаша болуы. Бұл дегеніміз есік-терезелерді жабу, пердені түсіру, мысық сияқты үй жануарларын жатын бөлмеден шығару, мүмкіндігі болса, емізулі баланы да басқа бөлмеге уақытша ауыстыру.
5. Төсек қатынасы барысында екеуінің әурет тұстарын қалқалаушы жамылғының болуы.
Ал енді «Дінде төсек қатынасын түрлі қалыпта (шалқалап, етпеттеп, жантайып, т.с.с.) жасауға рұқсат етіле ме?» деген сұраққа келсек, бұл мәселе сахабалардың кезінде де көтеріліпті. «Өйткені мединелік ансарлар әйелдерімен жантайған қалыпта ғана төсек қатынасына түсетін. Ал құрайыштықтар төсек қатынасынан түрлі қалыпта: алдыға қарап та, арт қарап та, шалқалап та ләззат алушы еді. Бірақ олар әйелдің артқы тесігінен істемейтін. Меккелік мұсылмандар Мединеге қоныс аударып келген соң олар жергілікті әйелдерге үйленді. Осы некелердің нәтижесінде кейбір мұсылман отбасында төсек қатынасындағы келіспеушілік пайда болды. Меккеліктер жыныстық қатынасты өздеріне үйреншікті қалыпта жүргізгісі келетін, ал Мединелік әйелдер бұған қарсы болды. Сол кезде Алла Тағаладан: «Әйелдерің сендердің егіс алқаптарың; ендеше алқаптарыңа қалаған тұстарыңнан келіңдер» (Бақара, 223) деген аят түсті» деген жауап беріледі діни әдебиетте.
Демек, мұсылман әйелімен қалаған қалпында жыныстық қатынасқа түсе алады, тек артқы тесіктен сақтанса болғаны. Жоғарыда біз атағандай, медицинада ғана емес, ислам дінінде де етеккір кезіндегі жыныстық қатынасқа қатаң тыйым салынып, ол күнә болып есептеледі. Етеккір жағдайындағы әйел намаз оқу, ораза тұту, мешітке бару сияқты бірқатар ғибадаттарын тоқтатады. Солардың қатарында оның күйеуімен жыныстық қатынасқа түсуіне де рұқсат етілмейді. Өйткені ғұламалардың бірауызды пікірлері бойынша етеккір мерзімінде ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынас жасаулары харам және мұндай әрекет, екі тараптық келісіммен болған жағдайда екеуін де бірдей күнәға батырады. «Алла Тағала айтады: «Сенен етеккір жайлы сұрайды. Оларға: «Ол жиренішті нәрсе, етеккір уақытында әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар» де. Расында Алла тәубе қылушыларды ұнатады әрі таза болушыларды ұнатады» (Бақара: 222) дейді дінде бұл туралы.
Ал етеккір кезінде төсек қатынасын жасап, күнәға барғандар не істеуі керек? Оған мынадай жауап бар: " Ғұламалардың барлығы мұндай кездерде әйелімен төсек қатынасына түскен ер кісінің ауыр күнәға бататыны жөнінде бірдей пікірге келген. Және бұл нәрсеге әйел өз ырқымен келіссе, күнәға ол да серік болады. Күнәнің бұл түрін жасаған мұсылманға шынайы тәубеге келу қажет. Бұған қосымша жағдайы көтерген сомада садақа шығарса, бұл оның күнәсінің жуылуына септігін тигізеді».
Орыс басылымдарында, әсіресе, түрлі-түсті журналдарда ешбір ұялмастан айтыла беретін «анальді секс» мәселесіне біздің дін қалай қарайды? Ол туралы көптеген хадистерден оқуға болады. Мәселен, Ибн Мәжә мен Насаи, Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Қиямет күні әйелінің артқы тесігінен жыныстық қатынас жасаған еркекке назар салмайды». Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір сөзінде: «Әйелінің артқы тесігінен жыныстық қатынас жасаған еркек лағнетке ұшыраған», - дейді.
Құран кітабы. Хадистер топтамасы мен ғалымдар пікірлері кітабынан.
Түрксіб мешітінің бас имамы
Қанат Сансызбаев
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.