Әлемдік діндер съезі: 50 елден 100-ден аса делегация қатысады
Әлемдік діндер съезі жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, адамзатты бір-біріне жақындастырудың алаңына айналды. Мұны әр жылдары жиынға қатысқан саяси көшбасшылар растап келеді. Биыл өтетін VII әлемдік діндер съезінен де үміт көп. Тақырып ауқымды. 50 елден 100-ден аса делегация қатысады деп жоспарланып отыр.
Жаһан жұртының назарын аударған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алты рет өткен шара өзекті мәселелерді көтерді. Бұл алаңда дін өкілдері ортақ мәмілеге тоқталып, бір келісімге келеді. Биылғы форумның тақырыбы да ауқымды дейді Алматы қаласының бас имамы.
Төлеби Оспан, Алматы қаласының бас имамы:
Жалпы әлем өзі түрлі дағдарыстарға душар болды. Оның ішінде қарым-қатынастағы, адамдардың арасындағы психологиялық түрлі қиындықтар болды. Біз бұл дағдарыстан адамзатты алып шығу үшін қалай ықпал ете аламыз? Қандай үлгілерді ұсына аламыз деген қызық тақырып болғалы тұр.
Биыл өтетін ауқымды шараға халықаралық деңгейдегі мәртебелі меймандар - жұртшылықтың сеніміне ие түрлі конфессиялардың рухани жетекшілері қатысады деп жоспарланып отыр. Мамандардың сөзінше, әлем лидерлерінің Қазақстанда бас қосуы географиялық жағынан да тиімді.
Қайрат Құрманбаев, дінтанушы:
Христиан, будда әлемінде өздерінің миллардтаған ұстанушылары бар дін қайраткерлері, дін өкілдері келіп Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету. Адамдардың арасындағы мейірімділік, адами құндылықтарды жандандыру.
Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін жүйелі әрі тұрақты түрде өткізудің жарқын үлгісін көрсетті. Этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдауда еліміз мол тәжірибеге ие. Бұл жолғы басқосу да халықаралық қарым-қатынасқа оң ықпал етеді деген сенім мол, дейді сарапшылар.
Қуан Нұрақын
Дереккөз Әлемдік діндер съезі: 50 елден 100-ден аса делегация қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы