"БАЛДЫГҮЛ АНА" ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МЕКЕМЕСІ ШӘКІРТТЕР ҚАБЫЛДАДЫ
ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен ашылған Алматы Орталық мешітіне қарасты "Балдыгүл ана" қайырымдылық мекемесінде Құран жаттау курсына шәкірт қыздар қабылданды.
Қабылдау емтиханына комиссия мүшесінің төрағасы Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Алматы Орталық мешітінің бас ұстазы Талғат Сапанов және наиб имам Қуаныш Тоқсанбайұлы қатысты. "Балдыгүл ана" қайырымдылық мекемесінің директоры Гүлзат Ескендірқызы мен мекеме ұстазы Арайлым Қуатова қабылдау комиссиясына мүшелік етті. Талапкерлер еліміздің әр өңірінен жиналды. Атап айтсақ, Алматы, Алматы облысы, Түркістан қаласы және Түркістан облысынан, Қызылорда облыстарынан жалпы саны 10 қыз бала. Қайырымдылық мекемесінде білікті мамандар, ижазалы қари ұстаздар Құраннан дәріс өткізіп, үш мезгіл тамақпен және жатын орнымен қамтамасыз етіледі.
Қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы шәкірт қыздарға насихат айтып, ілім жолында сәттілік тілеп батасын берді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі