АЛМАТЫ: "АҒАРТУШЫ ИМАМ" КУРСЫ АЯҚТАЛДЫ
НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «АҒАРТУШЫ ИМАМ» КУРСЫ ТҮЛЕКТЕРІНЕ СЕРТИФИКАТ ТАПСЫРЫЛДЫ
Екі айға созылған алматылық имамдарға арналған «Ағартушы имам» курсының түлектері бүгін соңғы емтихандарын тапсырды. Ақтық білім сынағын Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан, Нұр-Мүбарак университеті Академиялық мәселелер департаментінің директоры, филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев және Исламтану кафедрасының меңгерушісі PhD доктор Нұрлан Анарбаев қабылдады. Имамдардың білімін саралаған Бас имам Төлеби Оспан бұл курстың негізгі мақсаты имамдардың білімін жетілдіріп қана қоймай, жан-жақтылығын арттырып, насихат жасаудың озық үлгісін қалыптастыру екенін алға тартты. Сондықтан курсқа қала мешіттеріндегі имамдар іріктеліп алынған. Нәтижесінде білім алушылардың барлығы сынақтан сүрінбей өтті. Сертификат тапсыруға университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххаттың өзі арнайы қатысты.
"Имамдар қоғамда үнемі алда, өзгелерге үлгі болуы тиіс. Осы орайда екі айлық курстың сіздерге барынша пайдалы болуына мән бердік. Бас имам Төлеби Дәділұлы да курстың барынша тиімді болуын пысықтап отырды. Бүгінгі күн білім межесінің соңы болмауы тиіс. Сіздер осы университет қабырғасында алған бағыт-бағдар бойынша үнемі ізденісте болып, өздеріңізді дамытып отырыңыздар", - деген ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат түлектерге табыс тіледі.
Екі ай бойы Құран Кәрім, заманауи фиқһ мәселелері, Усул фиқһ, Исламдағы қаржы сауаттылығы, ислами ой-еркіндігі, Үкім аяттарының тәпсірі, қазіргі таңдағы хадистану мәселелері, араб тілі тәжірибесі, шешендік өнер, қазіргі таңдағы ақида мәселелері, ахлақ, шариғат мақсаттары, Ислам және қазақ қоғамы, т.б. өзекті салаларда дәрістер өтті. Ал спикерлер НМУ профессор-оқытушылар құрамындағы Ж.Сандыбаев, Қ.Құрманбаев, Қ.Уразбаев, А.Жамашев, Е.Есімқұлов, Қ.Садыбаев, Р.Қамбар, С.Окан, А.Әкімханов, Р.Батталұлы, Н. Стамбакиев, Н.Смагулов, С.Ахметов, М.Исахан, т.б. Екі айлық білімнің жемісіне сай сертификат алған имамдар да дәрістердің өте пайдалы болғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Дереккөз: Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі