АЛМАТЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ ҰЛТТЫҚ СПОРТТАН САЙЫСТАР ӨТТІ (ФОТО)
ҚМДБ бекіткен дін мен дәстүр айына орай Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті.
Алматы Орталық мешітінің ауласында наурыз мерекесіне орай спорт сүйер қауым үшін ұлттық дәстүріміз бен дінімізді жаңғыртуға арналған бірнеше сайыстар ұйымдастырылды. Асық ату ойыны, қол жекпе-жегі, арқан тарту, гір тасын көтеруге жамағат арасынан сайыпқыран ер жігіттер жиналды. Қомақты жүлделер тігілген бәсекелі сайыстар өте тартысты да қызықты өтті. Көпшілік жамағат асыға күткен қой көтеру сайысына талайы тартыстан оза шапқан мықтылар қатысты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жас жігіт семіз қойды 68-рет жұлқа көтеріп бас жүлдені қанжығасына байлады. Бас имам Төлеби Дәділұлы барлық сайыс түрлерінің жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады. Жамағат бірлігі мен ынтымағы үшін наурыз мерекесіне дастархан жайылып, наурыз көже мен ас таратылды. Ақсақалдар қала халқының тыныштығы мен бірлігі үшін дұға оқып, бата жасады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі