АЛМАТЫ: ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫ "НАУРЫЗ КӨЖЕ" САЙЫСЫН ӨТКІЗДІ (ФОТО)
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен әйел-қыздар секторы Наурыз көже сайысын ұйымдастырды.
Алматы Орталық мешітінің ауласында думанды наурыз аясында мерекенің басты тағамы "Наурыз көже" сайысы өтті. Мешіт жамағаттары мен шәкірт қыз-келіншектер атсалысқан тартысты да дәмді бәсеке нәзік жандылар шеберлігін көрсетті. "Айғаным, "Береке", "Шаңырақ", "Сырғалым" сынды тағы басқа бірқатар топтар ұлттық тағам түрлері мен бауырсақ жайылған дастарханда қазылар алқасына Наурыз көжесін ұсынды. Қазылық етіп, баға беруге ұзақ жылдар мешіт жамағаты боп әжелер мектебін құрған ақ жаулықты әжелер дәмі тіл үйірген Наурыз көжені анықтады. Бас имам Төлеби Оспан жүлделі орын иелерін марапаттады. 1-орын "Береке" тобы (30 мың теңге), 2-орын "Айғаным" тобы (20 мың теңге), 3-орын "Шаңырақ" тобы (10 мың теңге) қаржылай жүлделерге ие болды. Бәсекелі сайыста қыз-келіншектерге қазылар алқасының мүшесі 82 жастағы Балапан апа дәні мен дәмі сай наурыз көже жасаудың құпия сырларымен бөлісті. Ұлыстың ұлы күнінде салихалы ұрпақ келешегіне дұға оқылып, бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі