АЛМАТЫ: АМЕРИКАНЫҢ БАС КОНСУЛЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТКЕ КЕЛДІ
Бүгін Алматы Орталық мешітіне Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы бас консулы Каролин Сэвич келді.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы бас консул Каролин Сэвич пен бас консул көмекшісі, дипломат Самуэл Фантэланы қабылдап, мешіттің діни тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу барысында ҚМДБ бекіткен жеті бағыт бойынша жұмыс жоспары мен "Ислам ынтымақ пен бірлік" жылы аясындағы іс-шараларға тоқталды. Қазақстан ұлт пен ұлысты бөліп жармай, бірнеше дін өкілдерін бір шаңырақ астында тату өмір сүруге жағдай жасағынын атап өтті. АҚШ консулдық өкілдері Тәуелсіз Қазақстанның діни тұрақтылық пен келісім негізіндегі саясатын қолдайтынын жеткізді. Қазақ елінің толерантты, еркін, демократиялық жолда ұлтаралық татулық пен діни тұрақтылығы барша елге үлгі екенін айтты. Каролин Сэвич барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтады. Бас имам Төлеби Дәділұлы қазақы салтпен қонақтарға кәдесый тарту етіп, ұлттық дәм ұсынды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі