АЛМАТЫ: ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫ НАУРЫЗ ФЕСТИВАЛІН ӨТКІЗДІ
Алматы қаласында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы Алматы өкілдігі “Әйел-қыздар сектор” ұйымының бастамасымен “Көктем Шуағы” атты Наурыз фестивалі өтті.
Атаулы мерекенің басты мақсаты - дәстүр мен дінді ұштастыра отырып, жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен асыл дінімізді дәріптеу. Іс-шараны 8 аудандағы мешіт ұстаздары ұйымдастырып, оған 18-85 жас аралығындағы шәкірттер қатысты. Шара Құран оқумен басталып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеумен жалғасты. Атап айтсақ, Медеу ауданы мешітінің атынан қатысқан шәкірт апайлар жастарға ет жіліктеудің ережесін, мәнін түсіндірсе, Ақсай мешіті шәкірттері кимешек тігу мен киюден, Наурызбай ауданы мешітінің шәкірттері ою оюмен, құрақ көрпе тігуден шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар, садақ ату, атқа міну, арқан тартыс сынды ұлттық ойындардан да сайыс өтті. Шара барысында Жұлдыз ұстаз “Ене мен келін” арасындағы жиі кездесетін өмірлік келеңсіздіктерді сахналап, мән-мағыналы қойылым көрсетті. “Көктем Шуағы” фестиваліне қатысушыларға Наурыз көжеден дәм таттырып, ағартушылық бағытындағы мейірімділік, махаббат, ата-анаға деген құрмет тақырыбында уағыздар айтылды. Іс-шара ашық аспан астында, табиғат аясында тігілген киіз үйлерде өтті. Фестиваль соңында көпбалалы аналарға тосынсый тарту етілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі