АЛМАТЫ: "МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН..." КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Нұр-Мүбарак университетінде "Мемлекет және дін.." кітабының тұсаукесері өтті.
«Мемлекет және дін арақатынасы: қазақстандық үлгі» деп аталатын жаңа монографиялық туынды авторлары магистр Бауыржан Есмахан мен PhD докторы Мұхан Исахан. Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде өткен тұсаукесерге университет басшылары, ғалымдары, сондай-ақ ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Мырзабаев, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқарма өкілдері мен өзге де құрметті қонақтар қатысты.
Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев жаңа еңбектің жарыққа шығуымен құттықтап: «Бұл мемлекет пен дін арақатынасын реттеуде маңызды еңбек әрі осы тақырыптағы алғашқы зерттеулердің басы деуге болады. Авторлары да өз саласының майталмандары, сондықтан теория мен тәжірибені ұштастырған еңбектің еліміз үшін пайдасы зор деп бағалаймын. Авторларға шығармашылық табыс тілейміз», - деп жылы лебізін білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Мырзабайұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп: «Мәуліт айында жарық көріп отырған еңбек берекелі болсын. Жер бетіндегі жаратылыстың барлығы адам үшін қызмет етеді. Ең үлкен нығмет, ең қымбат нәрсе – иман болса, соны бізге нәсіп еткенге шүкір. Сондықтан, бүгінгі еңбек мемлекетіміз үшін маңызды, себебі ешкім жалғыз өмір сүрмейді. Алла бізді топтасып, қоғам болып бірігіп, халық болып тіршілік етуге жаратты. Осы орайда мемлекет пен дін мәселесін түсінуде шәкірттерге, өзімізге де көп нұсқау болатын еңбек құтты болсын", - деді.
Зайырлы қоғамның құндылықтарын, діннің ерекшеліктерін түсіндіретін кітап жайлы профессор Қайрат Затов, Алматы қалалық ДІБ басшысының орынбасары Ерғали Көшеке, аға оқытушы Ернар Есімқұлов, профессор Сабит Дүйсебаев, ақ жаулықты анамыз Мақпал Айтқұлқызы сөз сөйлеп, құттықтады. Авторлар да еңбектің ерекшелігіне тоқталып, көпшілікке алғысын білдірді.
«Нұр-Мүбарак» баспасынан шыққан жаңа еңбек заңгерлер мен дінтанушыларға, жалпы оқырман қауымға арналған. Монографияда мемлекет пен дін қатынасының тарихы, зайырлылықтың әлемдік және отандық үлгілердің қалыптасу тарихы, сондай-ақ кейбір түйткілді мәселелерді шешу жолдары да қамтылған.
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі