МӘУЛІТ 2021: "МӘУЛІТ СЫЙЫ" ҮЛЕСТІРІЛДІ (ФОТО)
31-қазан күні Алматы қаласы Республика сарайында өткен «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед (с.ғ.с.)» атты мәуліт мерекесінде "МӘУЛІТ СЫЙЫ" үлестірілді. Рухани кештің ұйымдастырушысы – ҚМДБ Алматы қалалық Орталық мешіті.
Республика сарайындағы Мәуліт кешіне сатылған билеттен түскен қаражат толығымен "мәуліт сыйы" ретінде қайырымдылыққа жұмсалды. "Мәуліт сыйын" Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанашыры, меценат Бахариддин Аблазимов және Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан табыстады.
200 000 теңге қаржылай Мәуліт сыйына ие болғандар:
- Әлімбаева Зәуре Кенжеғалиқызы.
- Жолдасова Күлімхан Омарқызы – жуырда үйі өртеніп, қиындыққа тап болған отбасы.
- Исаева Ардақ Әлдібекқызы – 4 баланың анасы.
- Болатжан Гүлім Болатжанқызы – 4 баланың анасы.
- Дәулетова Нұргүл – 4 баланың анасы.
Алла Тағала өсіріп отырған ұл-қыздарының қызығын көруді нәсіп етсін.
6. «Үйлердің ең жақсысы жетімдерге жақсылық жасалған үй. Ең жаманы жетімге жамандық жасалған үй», - деген екен Пайғамбарымыз. Жетім балаларға қамқорлық танытып, күні бүгінге дейін 950 баланы бауырына басып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтарға шоқтырмай өсіріп, еншісін берген Есқожина Тұяқ апаға "Мәуліт сыйы" - 250 000 мың теңге табысталды. Ол кісі дәл қазіргі күнде 15 баланы асырап отыр.
7. Дәл осындай 250 000 теңге көлеміндегі "Мәуліт сыйы" 35 бала тәрбиелеп отырған Әмина апамызға аталып, күні кеше Бас имам Төлеби Оспан Әмина апамыздың қолына табыстады.
8. Муфтиятқа қарасты имамдарымыз қашан да осындай игі істердің басында жүреді. Уақытымен, денсаулығымен санаспай Алла үшін қызмет етеді. Дін жолында қызмет етіп жүрген Алматы қаласы имамдарының бірі – Ғалымжан Молдабаев бірнеше жылдан бері аурумен алысып келеді. Жақында тағы да ем қабылдауы керек болып жатыр екен. Көпшілік қауым атынан 500 000 теңге "Мәуліт сыйы" аталды. Денсаулығына байланысты келе алмаған Ғалымжан имамның ұлына "Мәуліт сыйы" табысталды.
9. Тағы бір ерекше "Мәуліт сыйы" тағдырдың тауқыметіне мойымай, Алланың сынағын көтеріп жүрген Қыбыраев Данияр Құралбекұлына берілді. Данияр Алматы Орталық мешітінің тұрақты жамағаты, дертіне қарамай Алладан сабыр тілеп құлшылығын қалдырған емес. Алладан сұраған бір тілегі - қажылыққа барып, дертіне шипа тілеу. Дұғасы қабыл болсын деген игі мақсатпен Данияр бауырымызға Мәуліт мерекесінің қарсаңында умра қажылының сертификаты табысталды. Тосын сыйға демеушілік жасаған Бекназар Ерболұлына Алла сауаптан жазсын!
Мәуліт мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік танытқан дін жанашыры, меценат Бахариддин Аблязимовке Бас мүфти ерекше ризашылық білдіріп, алғыс хат берді.
ҚМДБ MUFTYAT.KZ баспасынан шыққан сиясы кеппеген су жаңа қос кітап: "Сахабалардың Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі" авторы - Алау Әділбаев және "Үйленбей тұрып үйрен" авторы - Руслан Қамбардың кітаптары мен ҚМДБ "Munara газеті", "Иман" журналы салынған жиынтық қорабы "Мәуліт сыйы" ретінде рухани кешке келген көпшілік қауымға таратылды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі