АЛМАТЫ: МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ДҰҒА ЖАСАЛДЫ
Кеше Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында Алматы мешіттерінде бесін намазы кезінде Құран оқылып, дұға жасалды.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Халықаралық мүгедектер күніне орай еліміз бойынша мешіттерде бір мезетте Құран оқылып, дұға жасалды. Алматы мешіттерінде де бесін намазына жиналған жамағат мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың асыраушылары мен дәрігерлерге, қамқорлық танытып жүрген азаматтар үшін арнайы дұға жасады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні 1992 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында атап өтіледі. Биылғы жылдың тақырыбы мүгедектердің қажеттілігін ескере отырып, пандемиядан кейінгі инклюзивті және тұрақты әлемге жол салу деп аталады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі