«ШЫҒЫСТАНУ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТі
Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, көрнекті ғалым, дипломат Әбсаттар Дербісәлінің 75 жылдығы және мемлекеттік, қоғамдық және діни қызметінің 50 жылдығына арналған «Шығыстану және руханият мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР дипломатиялық қызметінің құрметті ардагері Рафия Дербісәлиева, сонымен қатар көрнекті шығыстанушы ғалымдар мен дін қызметкерлері, елшілер мен шетелден келген мәртебелі меймандар қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасап: «Әбсаттар қажы Бағысбайұлы отандық дін мамандарын даярлауға баса көңіл бөліп, 2001 жылы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін ашты. Қазіргі таңда аталмыш университет діни жоғары білімді маман даярлайтын бірден-бір оқу орынға айналды. Мешіттерде қызмет етіп жүрген дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында 2002 жылы «Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтын» ашып, имам, молдалардың білімін жетілдіру ісін қолға алды.
Сонымен қатар республикамыздың 9 аймағынан 9 медресе, 1 қарилар даярлайтын орталық ашып, арнаулы діни білімді мамандарды шығаруға сүбелі еңбек етті» деп атап өтті.
«Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет Бас мүфти қызметін атқарумен қатар сайын даланың саңлақтарын түгендеп, ұмыт қалған ұлыларымызды тірілтті. Шетелдік сапарлары кезінде кітапханалар мен қолжазба қорларына арнайы барып, ұлы даламыздан шыққан ғалымдардың еңбектерін қазақ тілінде сөйлетті. Қазақ ислам дінін қабылдап қана қоймаған, ислам ғылымы мен мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан халықтың бірі екенін дәлелдей білді. Яғни, Фарабилер мен Түркістанилер, Сығнақилар мен Таразилер, Сайрамилер мен Кердерилерді ғылыми айналымға енгізді» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.