АЛМАТЫ: НАИБ МҮФТИ «АҚСАЙ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ
Бүгінгі қасиетті жұма күні ҚМДБ төрағасының орынбасары наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Әуезов ауданына қарасты «Ақсай» мешітінде «Құран оқудың артықшылығы» тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Құранның ақиқат, Алланың сөзі екендігін, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды ажыратушы (Фурқан) кітап екендігіне кеңінен тоқталып өтті. Құранға құрмет ылайым мұсылманның басты назарында болуы керек екені айтылды. Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы: «Құранның ақиқаттығын мойындап, оған шынайы махаббатпен еретін болсақ, ол біздің жан-дүниемізді байытып, жоғары адамдық қасиеттерге тәрбиелейді. Рухани кемелденуімізге жол ашып, нұрға бөлейді. Құран оқыған адамның жан сарайы да кемелдене, рухани тазара түсетіні белгілі. Қасиетті Құранды оқу – пендені Жаратушысына жақындататын ұлы құлшылық. Сол себепті Құранның әр сөзіне ықылас қойып, зейінді болуға шақырамын», - деп атап өтті.
Кенжеәлі қажы Мырзабаев "Ақсай" мешітінде 15 жыл имамдық қызмет етіп, мешіттің жамағатқа жайлы құлшылық орнына айналуына зор үлес қосты. Орасан еңбегін ескерген "Ақсай" мешітінің жамағаты ризашылық көңілмен иығына шапан жапты. Жұма намазын жүргізген наиб мүфти жамағатпен бірге намаз оқып, ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі