АЛМАТЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ НАИБ МҮФТИ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТКІЗДІ
Алматы Орталық мешітінде ҚМДБ төрағасының орынбасары наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы жұма намазын оқыды.
"Жамағатпен құлшылық етудің сауабы" тақырыбында жұма уағызын оқыған наиб мүфти: "Дініміздің тірегі болған намаз құлшылығын жеке оқығаннан гөрі, жамағатпен оқудың сауабы әлдеқайда артық. Жалпы, ханафи мәзһабында ер кісілердің бес уақыт парыз намазды жамағатпен оқулары бекітілген сүннет деп танылады. Намазды жамағатпен оқудың сауабына байланысты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түннің жартысын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады. Ал, егерде таң намазын да жамағатпен оқыса, түннің барлығын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады», – деген хадисті айта өтті. Жұма намазының құтпасы оқылып, жамағатпен бірге ел тыныштығы мен бірлігі үшін бата жасады.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі