АЛМАТЫ: МЕШІТ ЖАМАҒАТЫ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Бостандық ауданында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ауласында мешіт жамағаты арасында спартакиада өтті.
"Асыл мұра" қоғамдық қоры, Дін істері басқармасы мен ҚМДБ Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы мешіт жамағаты арасында спорттық сайыс өткізілді. Спартакиаданың жыл өткен сайын ауқымы кеңіп келеді. Іс-шараға 1000-ға жуық қала мешіттерінің жамағаты жиналды. Жарысқа қатысушылар қазақтың ұлттық ойындары: арқан тарту, кір тасын көтеру, қошқар көтеру, асық ату сайысқа түсіп, допты қақпаға тебу, армрестлнинг, петанк секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Жиналған жамағаттың назарын өзіне аударған - "Қошқар көтеру" сайысы болды. Шын мықтылар бәсекесінде қошқарды иыққа салып 101 рет көтерген Бауыржан Әбдіқайым жеңімпаз атанса, Евгений Ким 2-орынды иеленді. 3-орынға Нұрболат Ертас тұрақтады. Кір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. Тасты 81 рет әуелеткен Еркін Ерімбетов бас жүлделі болса, 80 рет көтерген Ақжол Жолдасбаев екінші орын, 60 рет көтерген Урматбек Ибрагимов үшінші орын алды.
Арқан тартқанда ұйымшылдық танытқан "Төле би" мешітінің жамағаты топ жарды. Финалда есе жіберіп алған "Абай Құнанбайұлы" мешітінің командасы 2-орын, "Әл-Мұхаммед" мешітінің жамағаты 3-орынға тұрақтады. Допты қақпаға тебуде Жандос Тұрысбек мергендік танытса, құрамында Азамат Дүйсенбай, Бекзат Рижанов және Саят Мұхаммедкәрім өнер көрсеткен "Нұр-Мүбарак" командасы петанк ойынында жеңіске жетті. Ұлттық ойын - асық атуда Раис Жеңісұлы жеңімпаз болды. Ал білекті жігіттердің бәсекесі - армрестлингте "Төле би" мешітінің намысын қорғаған Абзал Тілеубаев мықты екенін дәлелдеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыс соңында бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі