АЛМАТЫ: НАИБ МҮФТИ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философия ғылымдарының докторы, профессор Орынбеков Мұханмадияр Серікбекұлының 75 жылдығына арналған «ДІНТАНУДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАН ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ. ПОСТНОРМАЛЬДЫ КЕЗЕҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ: АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ДИСКУРС» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, философия кафедрасы; «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислам діни бірлестігі; әл-Фараби орталығы; Ахмет Ясауи университеті ұйымдастыруымен өткен конференцияның пленарлық отырысында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ҚМДБ төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемдемесін жеткізді.
Секциялық мәжілісте «Тәуелсіздік жылдарындағы зайырлы қоғамның тұрақты дамуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үлесі» атты тақырыпта баяндама оқыған наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев: «Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарынан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі және зайырлы дінді ұстанып, толеранттылықты нығайтуға бағытталған жұмыстар атқарып келеді. 1992 жылы «Дін еркіндігі мен діни бірлестік» туралы заң қабылданды. Қазақстанда этносаралық қақтығыстардың алдын-алу жұмыстары қойылды. Осы орайда мүфтият бастамасымен бірнеше іс-шаралар өткізіліп, ел тыныштығы мен дәстүрлі дінімізді жаңғыртуға зор үлес қосып келеді. Бүгінде құрамында бірнеше бөлімді қамтитын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ихсан» ілімін негізге алып, дін мен дәстүрді дәріптеуде ауқымды жұмыстар атқаруда», - деп атап өтті.
Сонымен қатар конференцияда Парламент Сенатының депутаты Орынбеков Бекболат Серікұлы, Қалмақ мемлекеттік университеті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бадмаев Валерий Николаевич (Ресей), елімізге белгілі профессорлар Ғарифолла Есім, Сәбит Мұратұлы және ҚазҰУ-дың профессор, доценттері баяндама оқыды. Алыс жақын шет елдерден және еліміздің әр аймағынан онлайн түрде профессор, теология профессорлары баяндама жасады. Конференция соңында наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев Алматы арнасына сұхбат берді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі