АЛМАТЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕГІ ҚАДІР ТҮНІ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ КӨРСЕТІЛДІ
Алматы Орталық мешітінде қадір түні қарсаңында 2000 нан астам адамға ауызашар дастарханы жайылды. ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қадір түнінде уағыз айтып, көпшілікпен тарауих намазын оқыды.
Орталық мешіттегі қасиетті түнге арнайы жоспар құрылған болатын. Қадір түніне жиналған жамағат мешіт іші мен ауласына лық толды. Бас имам «Қадір түні мың айдан да қадірлі» тақырыбында уағыз айтып, жиналған жамағатқа қасиетті түнді дәріптеді.
Тарауих намазаның алғашқы бөлімі оқылған соң наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы «Ислам әдебі» тақырыбында уағыз айтты.
ҚМДБ Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Нұрсұлтан қаласынан Алматы жамағатын (онлайн) тікелей эфирде қасиетті Қадір түнімен құттықтады. Жұртшылыққа мың айдан да қадірлі болған Қадір түнінің жақсылығы мен сауабын тілеп, ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасауға шақырды.
Орталық мешіттің наиб имамдары мешітке келген көпшілік қауымға викториналық сұрақтар жүргізіп, алғыр жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.
Қасиетті түнді құлшылықпен өткізуге келген жамағат арасынан академик, химия ғылымдарының докторы Мұрат Жұрынұлы сөз сөйлеп, мешітке жиналған көпшілікке ақ тілегін арнады.
Namaz_live инстаграм парақшасында 7 күн бойы тегін өткізілген намаз үйрен марафонының жеңімпазына 2 Ұмра қажылығына жолдама табысталды.
Алматы қаласы әйел-қыздар жамағаты 100 хатым Құран түсіріп, бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің бас имамы Төлеби Дәділұлының «Алланың мейірімі» және «Дұға мұсылман қорғаны» тақырыптарындағы уағызын жамағат жылы қабыл алды. Еркін ғибадатқа берілген уақыт пен тарауихтың соңғы бөлімдерін оқыған жамағат түннің екінші бөлігін жұмыла ғибадат-құлшылыққа арнады. Қасиетті қадір түнінде бата жасап, дұға оқыды.
Жиналған жамағатқа Орталық мешітте сәресі бокстары таратылып, көпшілік мешітте ауыз бекітті. Сап түзеп таң намазы оқылып, дұға жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі