АЛМАТЫ: ҚАЛҚАМАН МЕШІТІНДЕ ПӘТУА САҒАТЫ ӨТТІ
Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты "Қалқаман" мешітінде кезекті пәтуа сағаты болып өтті.
ҚМДБ Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен қала мешіттерінде жұма намазынан кейін пәтуа сағатын өткізу қолға алынған болатын. Пәтуа сағатының кезекті кездесуі Қалқаман мешітінде өтті. Мешіттің бас имамы Руслан Қамбар "Жақсылық та, жамандық та бір Алланың бергені" тақырыбында жұма уағызын жүргізіп, жамағатпен жұма намазы оқылды. Жұма намазынан кейін қала тұрғындары мен мешіт жамағаты білікті пәтуа маманы Елбек Тасболатұлына көкейлерінде жүрген діни сұрақтар қойды. Мұжассим деген нәрсе естідім, ол не? Неге ханафи мазхабында «әмин» дұғасын іштен айтады? Қарыз беруде қандай шарттар ұстанған жөн? NFT жайында біздің дініміз не дейді? сынды тағы басқа да ақида және фиқһ жайынан (құлшылық, неке және талақ, сауда-саттық) жамағаттың маңызды сұрақтарына тұшымды жауап берілді. Айта кетейік бұл бастама қала бойынша мешіттерде алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіледі. Пәтуа сағаты туралы мешіттерде, azan.kz әлеуметтік желілерінде қосымша хабарландыру айтылады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі