АЛМАТЫ: "ҚАРИ" ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ ҚҰРАН БАҒЫШТАДЫ
"Қари" қайырымдылық қоры басшысы Ержан Есенгелдіұлы мен Орталық мешіттің дін қызметкерлері Құран хатым дұғасын жасады.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен "Қари" қайырымдылық қоры мен Орталық мешіт ұстаздары бірлесіп ұйымдастырған жоба аясында әйелдерге арналған онлайн курс ашылғаны белгілі. 2022 жылдың ақпан айының басынан күнде онлайн qari.umma инстаграм парақшасында Арайлым қари Өмірбекқызы 75-80 адамның қатысуымен Құран хатым түсірді. Онлайн сабақта бастауыш, жалғастырушы, жаттау және ижаза алу тобы мен 6-12 жасқа дейінгі балалар тобы ашылды. Курсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 416 азаматша тіркелді. Алматы қаласынан 111, Нұр-Сұлтан 13, Шымкент 21, Алматы облысы 71, Ақтөбе облысы 7, Атырау облысы 25, Жамбыл облысы 16, Ақмола 2, БҚО 21, Түркістан облысы 33, ШҚО 14, Маңғыстау облысы 25, Қарағанды облысы 31, Қызылорда облысы 21, Қостанай 2, Павлодар 2, СҚО 1 тіркелді. Оның ішінде 60 оқушы 6-12 жасқа дейінгі балалар болса, 356 азаматша 12 жастан жоғарғы ересектер. Оқушыларымыз мектеп оқушылары, студенттер, жұмыс істейтін азаматшалар, үйде бала күтімінде отырған аналар мен зейнеткерлер. Сабақ qari.umma инстаграм парақшада сақталған, кез-келген өзіне ыңғайлы уақытта сабақты көріп, ұстазбен кері байланыс жүргізіліп отырды. Бүгін Алматы Орталық мешітінің 1 наиб имамы Ержан Есім, бас ұстазы Талғат Сапанов және «Қари» қайырымдылық қорының басшысы Ержан Есенгелдіұлы Құран хатымды бірге отырып бағыштады. Алладан елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға-тілеп, бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі