АЛМАТЫ: ТҮРКСІБ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫ БІРҚАТАР ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗДІ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы ҚМДБ бекіткен 7 бағыт жұмыс жоспары бойынша өкілдіктің жылдық жоспарына сәйкес аудандық мешіттерге тапсырмалар берген болатын.
Түрксіб аудандық жастар ісі секторы ақпан айында жоспар бойынша бірқатар іс-шаралар өткізді. Атап айтсақ, ауданның жастары арасында теннистен сайыс, Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы Асқарбек Сәріпбеков жастармен кездесу өткізсе, аудан имамдары мешіттің жастар жамағатына дастархан жайып, сұхбат-кездесу өткізді. Уағыз айтылып, толғандырған сұрақтарға жауап берді. Түрксіб аудандық мешіттердің жастар жамағатының атсалысуымен аудандық мұқтаж отбасыларына қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, азық-түліктер таратылды. Аталмыш іс-шаралардың барлығы да мешіт жамағатының белсенді жастарының ынтымағы мен бірлігін нығайту болып табылады.
Айта кетер болсақ жастар ісі секторы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша Уағыз-насихат және Ихсан бағытына қарайтын маңызды бөлімнің бірі.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі