АЛМАТЫ: «РАЙЫМБЕК БАТЫР» МЕШІТІНЕ БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мешіт жамағатына ҚМДБ Төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығын таныстырды.
Бас мүфти бұйрығында: «Ораз Серікбай қажы Сатыбалдыұлы 2022 жылдың 15 сәуірінен «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры қызметін сақтай отырып, «ҚМДБ» РДИБ филиалы Алматы қаласы Медеу ауданындағы «Райымбек батыр» мешітінің бас имамы болып тағайындалсын», - делінген.
Сондай-ақ Бас мүфти бұйрығымен ұзақ жылдар «Райымбек батыр» мешітінде бас имам қызметін атқарған Тәттібаев Мәди Серікұлы «ҚМДБ» РДИБ филиалы Алматы қаласы Медеу аудандық «Омар ибн Хаттаб» мешітіне наиб имам болып тағайындалды. Мешіт ақсақалдары қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, алғыс айтты.
Ораз Серікбай қажы Сатыбалдыұлы 1975 жылы 12 сәуірде дүниеге келген.
Білімі мен біліктілігі:
1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған.
1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.
1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім алған. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген.
2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің "Менеджмент" мамандығы бойынша магистратурасын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алған.
2014-2016 жылдары "Нұр-Мүбəрак" университетінің Исламтану мамандығы бойынша магистрі академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолы:
Діни саладағы жұмысы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы қызметінен басталған. Ислам институтының ұстазы, ректоры, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Алматы қаласы әкімшілігінің діни істер бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Іс басқармасында дирекция директоры қызметін атқарды.
- 2000-2001 жылдары ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти;
- 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Бас имамы;
- 2011-2013 жылдары ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы;
- 2013-2017 жылдар арасында ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды;
- 2017-2020 жылдары ҚМДБ Бас мүфтиі қызметін атқарды;
- 2020 жылдың 6 наурызынан бастап ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры қызметін атқарып келеді.
- 2022 жылдың 15 сәуірінен бастап Алматы қаласы Медеу ауданындағы «Райымбек батыр» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды.
Жанұялы, 7 баласы бар.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі