АЛМАТЫ: ТҮРКИЯ МЕН СИРИЯ ХАЛҚЫ ҮШІН ДҰҒА ЖАСАЛДЫ
Бүгін қасиетті жұма намазында Алматының барлық мешіттерінде зілзаладан зардап шеккен Түркия және Сирия халқы үшін арнайы дұға жасалды.
ҚМДБ-ның наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы бастаған дін қызметкерлері қасиетті Құран аяттарын оқып, ел бірлігі мен тыныштығын тілеп, жер сілкінісінен қаза тапқандарға арнайы дұға бағышталды. Орталық мешіттегі Құран бағыштап, дұға жасау рәсіміне Алматыдағы Түркия консулдығының өкілі Эмруллах Үзім қатысты.
Естеріңізге сала кетсек ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни басқармадан барған делегатпен бірге Индонезия елінің Сурабая қаласындағы зәулім мешіттердің бірі «Masjid Nasional Al Akbar»-ға зиярат етіп, Алла Тағаладан Түркия мен Сирия жұртының амандығы үшін арнайы дұға жасаған болатын.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі