«ДАРХАН ДАЛА» ЖОБАСЫМЕН КИЕЛІ ОРЫНДАРҒА ЗИЯРАТ ЖАСАЛДЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасы бойынша бір топ Алматы қаласы имамдары Түркістан өңіріне саяхат ұйымдастырды.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен рухани сапарға қаланың сегіз ауданынан 11 имам қатысты. Алдымен имамдар Түркістан облысы Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, өлкенің тарихи орындарын тамашалады. Одан кейін Түркістан қаласындағы түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын тіреді. Одан әрі Укаша ата, Орта ғасырдағы Сауран қаласы.«Дархан Дала» отандық туризм бағытымен осы аталған жерлерге зиярат жасалды. Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасының басты мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, тарихи, киелі орындарға рухани тур ұйымдастыру болып табылады.
Түркі халықтарының рухани астанасы - Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері қарқынды даму жолына аяқ басқаны белгілі. Қаланың көркіне көрік беріп тұрған шығыстық үлгідегі әсем ғимараттар, өткен тарих пен терең тағылымнан сыр шертетін мұражайлар мен көне жәдігерлер коллекциясы, халқының жылы жүзі мен кең пейілі, төрткүл дүние мен еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келуші туристерге көрсетілетін жоғары сападағы қызмет түрлеріне куә болған Алматы имамдары рухани сергіп, көне шаһар тарихынан тың ақпараттарға қанық болды.
Алматы Орталық мешіті баспасөз қызметі