Алматыда Ұстаздар күніне орай мерекелік шара өтті (ФОТО)
ҚМДБ Жастар ісі секторы мен «Жәрдем» қайырымдылық қорының қолдауымен, Алматы Орталық мешіті және Алатау ауданы «Әйел-қыздар» секторы ұстаздар күніне орай мерекелік шара ұйымдастырды.
Шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Нұр-Мүбарак Еигпет ислам мәдениеті университеті және Алматы қаласындағы орта мектептері мен қала мешіттерінің әйел ұстаздары қатысты.
Мерекелік шара дәстүрге сай Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірекбаевтың Құран оқуымен басталды. Батасын Алматы Орталық мешітінің бас ұстазы Талғат Сапанов жасады.
Одан кейін наиб имам Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Шоқайдың құттықтауы мен сәлемін жеткізіп, ұлағатты ұстаздарды төл мейрамдарымен құттықтады. Сонымен қатар ол білім алудың маңыздылығы мен ұcтазды құрметтеу жайында тағылымды уағыз айтты.
Сосын Заря-Восток мешітінің ұстазы Лейла Ысқақова ұстаз болудың артықшылығы мен жемістері туралы сөз қозғады.
Оқушылар ұстаздарға арнап өлеңдерін оқыса, өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.
Сондай-ақ, шара барысында ойындар ойнатылып, бәйгеде оза шапқандарға жүлделер берілді.
Соңында келген қонақтарға гүл мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Қонақтар ақжарма тілектерін айтып, шараны ұйымдастырушы "Әйел-қыздар" секторы мен "Жәрдем" қайырымдылық қорына алғыстарын білдірді.
Azan.kz