Алматыда Жеті жұмыс бағытын іске асыру жиыны өтті (ФОТО)
Бүгін, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасына орай, Алматы Орталық мешітінде ҚМДБ-ның 2021 жылға арналған Жеті жұмыс бағытын іске асыру бойынша жиын өтті.
Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқайдың төрағалығымен өткен жиынға ауданның бас имамдары мен қала мешіттерінің есепшілері және Орталық мешіт қызметкерлері қатысты.
Басқосуда қаланың Бас имамы Еркінбек Шоқай имамдарға Діни басқарма бекіткен ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс бағыттарын толық таныстырды.
Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай атқарылатын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамаларына үлес қосуға шақырды.
Жиын барысында Медеу аудандық «Омар ибн әл-Хаттаб» мешітінің бас имамы Асан Тілеубердиев «Мешіт имамдарының қызметтік әдебі», ал Жетісу аудандық «әл-Мадина» мешітінің бас имамы Бақытжан Көптілеуов "Рухани тәрбие - Ихсан ілімі» жайында баяндамаларын оқыды.
Мешіттердегі бухгалтерлік жұмыс есебінің дұрыс болу мәселесі туралы Алматы Орталық мешітінің есепшісі Айсұлу Тойбаева пікір білдірді.
Жиын соңында Бас имам аудан имамдарына жұмыс жоспарының нәтижелі атқарылуына сенім білдіріп, арнайы тапсырмалар берді.