БАЛАЛАРҒА ОЙЫН-САУЫҚ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
ҚМДБ Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен дін қызметкерлері №1-облыстық балалар үйінің тәрбиеленуші бүлдіршіндерін ойын-сауық орталығына апарып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ел Президенті 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялауымен ҚМДБ Алматы өкілдігі бірнеше іс-шаралар ұйымдастырып келеді. "Өмірге үміт сыйла" акциясы негізінде бірнеше науқас баланың еміне қаржылай сертификаттар берілсе, Балаларды қорғау күніне қала бойынша мешіттерде ауқымды іс-шаралар өткізілді. "Имани жаз 2022" сауат ашу курстарында балалар білім алып, "Мектепке жол" акциясымен оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Көп балалы дін қызметкерлеріне қаржылай көмек беріліп, тұрғын үй тарту етілді.
Жылға жылулық берген іс-шарада Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Тимур Әлиев пен "Вайнах" мешітінің ұстазы Нұрмұхаммед Иминов балаларға насихат айтып, өмірде озат болуға үндеді. Ойын-сауық бағдарламасынан кейін 50 балаға арнайы дастархан жайылып, түскі ас берілді.
Іс-шара соңында балалар мешіт қызметкерлері мен ұйымдастырушыларға рахметін айтып, алғысын жаудырды.
Алматы Орталық мешіті баспасөз қызметі