БАС МҮФТИ МАРҚҰМ ҰСТАЗ БАУЫРЖАН ӘЛИҰЛЫНЫҢ ОТБАСЫНА КӨҢІЛ АЙТТЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі ұстаз, ғалым Бауыржан Әлиұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты.
«Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым, ұстаз Бауыржан Әлиұлының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Бұл – діни саладағы барша қызметкерлер үшін үлкен қайғы. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, діни саладағы барша қызметкерлерге, өзімнің және ҚМДБ ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамын. Оның әсерлі уағыздары мен пайдалы дәрістері шәкірттердің жадында мәңгі қалады деген сенімдемін. Алла Тағала Бауыржан Әлиұлы бауырымызды алдынан жарылқап, мейіріміне бөлегей! Жаратушы Иеміз артында қалған отбасы мен туыстарына көркем сабыр нәсіп етсін! Әмин» делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.
Azan.kz ақпараттық-ағарту порталы ұжымы да барша жамағатқа, отбасына, бауырларына қайғырып көңіл айтады! Марқұм Бауыржан Әлиұлының жатқан жері жайлы, қабірі Құран аятымен нұрлансын!