БАС МҮФТИ САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰМРА МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажыТағанұлы Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті.
Кездесуде қажылық пен ұмра сапарын сапалы ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау бойынша министрге өз ұсынысын жеткізді.
Атап айтқанда, Бас мүфти қажыларды жеткізетін әуе тасымалының қызмет құнын халыққа тиімді бағада бекіту, қонақүй бағасына жеңілдік жасау, қызмет сапасын барынша арттыру, төлем жасау жүйесін оңтайландыру т.б. мәселелерге баса назар аударды.
Өз кезегінде САК Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.
Айта кетсек, биыл елімізден 4 мың жерлесіміз үлкен қажылығын өтеп келді. Отандастарымызға 14 туристік компания қызмет көрсетті. Қажыларға қызмет көрсетуге лайықты 14 турфирма конкурстық негізде анықталған болатын.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа бастаған делегацияны оңтүстік астананың көрікті жерлерімен таныстырды.