ЕЛОРДА: БАС МҮФТИ РАНТ МҮШЕЛЕРІНЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы РАНТ мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинарға қатысып, дәріс оқыды.
Бас мүфти «Уағыз айтудың әдебі мен уағызшының міндеті» тақырыбында сөз қозғап, ел арасында жамағатқа уағыз айтып жүрген РАНТ мүшелеріне бірнеше кеңесін жеткізді.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, адамға айтылар насихаттың уақыты мен орны болады. Халыққа айтар сөзімізді, яғни Ислам құндылықтарын үрейлендіріп емес, сүйіншілеп жеткізуіміз керектігін ешқашан естен шығармағайсыздар. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі бар екенін жақсы білесіздер. Уағыз айту, насихат жеткізу кезінде бұйрық раймен сөйлемеген абзал. Өйткені, тыңдаушылар арасында жасы да, жасамысы да болады. Насихат айтқан сәтте аудиторияның жас ерекшеліктерін де ескере жүргендеріңіз жөн» деп атап өтті.
Сондай-ақ бүгінгі семинарда наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы («Фиқһ әдіснамасындағы кейбір мәселелер»), Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков («Ислам тарихындағы саяси оқиғалар») пен блогер, Дін істері комитетінің діни қызмет саласындағы құқық қолдау практикасының басқармасының басшысы Бейімбет Қасымбекұлы («Зайырлылық және діни сенім бостандығы»), SMM-маманы Тимур Бектұр («Әлеуметтік желіні тиімді пайдаланудың жолдары») РАНТ мүшелеріне дәріс оқыды.